ТМД саммитінде Достастықты реформалауға қатысты ұстанымдарды келісу - күн тәртібіндегі өзекті мәселе болмақ

"ТМД мемлекет басшылары кеңесінің мәжілісінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тиімділігін арттыруға қатысты баяндама мен оны дамыту перспективалары талқыланбақ. Оны ТМД-ның тиімділігін арттыру жөніндегі жоғары деңгейлі топ дайындаған. Мемлекет басшылары Достастықты жетілдіру мен реформалауға қатысты көзқарастарды талқылап, ұстанымдарды келіседі. Бұл - саммит күн тәртібіндегі даусыз өзекті мәселе",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жалпы алғанда отырыс күн тәртібінің жобасына 21 мәселе қамтылған. "Олардың тақырыбы сан алуан және олар гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастық салаларындағы дамуға, қауіпсіздікке және жаңаша қауіп-қатерлерге қарсы тұруға бағытталған",- деп хабарлайды Атқару комитетіндегілер.

Атап айтсақ, ТМД-ға қатысушы елдердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі туралы келісімнің жобасы, ТМД мемлекет басшыларының заңсық көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастықты пәрмендендіру туралы мәлімдемесі, ТМД экономикалық сотының мәртебесі туралы 1992-жылғы 6-шілдедегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама секілді құжаттар президенттердің назарына ұсынылады.

13 құжатқа талқылаусыз қол қою межеленген. Атап айтсақ, лаңкестікті қаржыландыруға және қылмыстық жолмен тапқан пайданы заңдастырып алуға қарсы күрес туралы келісімге; қылмыстық сот өндірісіне қатысушыларды қорғау туралы келісімге; ТМД-ға қатысушы елдердің адам саудасына қарсы күрес жөніндегі 2007-2010-жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына; 1941-1945-жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысындағы жеңісті мәңгілік тойлау туралы шешімдер.

Бұған қоса ТМД Антитеррорлық орталығы туралы ережелерге, шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі туралы ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. "Сонымен бірге ТМД мемлекет басшылары кеңесінің кейбір шешімдерінің күшін жою туралы шешімдер, соның ішінде ТМД мақтау қағазымен марапаттау туралы, ТМД экономикалық соты төрағасының орынбасары туралы шешімдердің күші жойылады", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бұған қоса ТМД-ға қатысушы елдерден тағы да қосымша алты ұсыныс келіп түскен.

Саммит күн тәртібінің жобасын бүгін ТМД елдері СІМ-нің кеңесі қарайды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті