ТМД үкімет басшылары кеңесінің қарауына 20 жуық мәселе ұсыну жоспарланған

ТМД Атқару комитетінің ұйымдастыру департаментінің директоры Владимир Буяновтың журналистерге берген сұхбатында атап көрсеткеніндей, үкімет басшылары кеңесінің отырысында талқыланатын басты мәселе Достастықтың экономикалық даму стратегиясының жобасын дайындау жайы болмақ. Бұған қоса көлік саясатын келісуге қатысты ұсыныстар, азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін көтеруге бағытталған шаралар кешені талқыланады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сонымен қатар, ТМД үкімет басшыларына шекаралық ынтымақтастық, көші-қон, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 65 жылдығын тойлау, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерінің жеңілдікпен жүріп-тұру құқығын өзара мойындау, бірлесіп фильмдер өндіру және басқа да мәселелерді қарау ұсынылмақ. Олардың бір бөлігін ТМД Экономикалық кеңесі мен сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарында алдын-ала талқылау жоспарланған.

Өз кезегінде Достастықтың жарғылық және басқа да органдарының жанындағы Ресей Федерациясының тұрақты уәкілетті өкілі Евгений Беловтың хабарлауынша, тұрақты өкілдердің кеңесінде ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған негізгі шараларды орындауға қатысты бірқатар мәселелер талқыланады. Атап айтсақ, достастыққа қатысушы мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері туралы ереженің жобасы, ТМД аясында қабылданатын құжаттардың мәртебесі туралы келісім мен ТМД органдары шығарған шешімдердің жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу тәртіптері туралы ереже талқыланады.