ТМД-ның үздік қуыршақ театрлары балаларға күлкі сыйламақ

Енді отандық өнерпаздардан бөлек  Ресей, Украина, Беларусь, Грузия және Қырғызстаннан келген қуыршақ театрларының әртістері алдағы бейсенбіге дейін өнер көрсетпек. Сонымен қатар, мұнда қуыршақтар көрмесі де ашылған.  

Қала күні аясында есігін айқара ашқан қуыршақ театры бірнеше күннен бері балаларды қызықты қойылымдарымен қуантуда. Бұдан бөлек, кішкентай көрермендерге арналып қуыршақтар көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда мультфильм кейіпкерлері сияқты киінген әртістер де бар. Мерекеге орай ұйымдастырылған қуыршақ фестивалі негізінен қайырымдылық мақсатта өткізіліп жатыр. Мұнда балалар үйінің жеткіншектері мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер әкелінген.

Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының директоры:

-Баланың күлкісінен артық бүгінгі күні ешқандай мереке жоқ. Міне көріп тұрсыздар балалар келіп жатыр. Шулап жатыр. Қуанып жатыр.  Сондықтан мен қала жұртын, біздің кішкентай-кішкентай көрермендерімізді үлкен мерекемен құттықтағым келеді.

Қуыршақ фестивалінеотандық өнерпаздармен қатар Ресей, Украина, Беларусь, Грузия және Қырғызстаннан әртістер жиналған. Олар ең мықты деген қойылымдарын ала келіпті. Мәселен, алғашқы болып өнерлерін көрсеткен Ресей әртістері 400 жыл бұрын қойылған «Петрушканы» жаңа қырынан танытты. Әртістер қыркүйектің 11-іне дейін өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар Алматы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан бұл шараға қаланың барлық тұрғындарын шақырады.