«Тобыл» чемпиондыққа қол созды - премьер-лига

«Ақтөбе» өз алаңында «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Смақов 61 минутта пенальтиді мүлтіксіз орындаса, Хайруллин 72 минутта есепті еселеді. «Тобыл» да өз жерінде «Локомотивтен» басым түсті. Есеп: 2:0.

Гол иелері Бақаев 31 және Қуантаев 86. Енді чемпиондықтың тағдыры соңғы 32-турда шешілмек. Сырт алаңда «Шахтермен» айқасатын Владимир Мұқанов шәкірттерінің қолынан бар келетін нәрсе - сол ойыннан 3 ұпай олжалау. Қалғаны «Атырау» төрінде кездесу өткізетін «Тобылдың» өз қолында. «Алтынның» иегері осы кездесулерден кейін белгілі болмақ.

Ал оған дейін, премьер-лигамен қоштасатын екі команда анықталды. Олар «Қайраттан» соңғы минуттарда төрешінің арқасында доп жіберіп алған «Оқжетпес» пен Талдықорғанда тас талқаны шыққан «Ақжайық». Керекуден келген Антонов алматылық командаға қосымша уақытта айып добын белгілеп, ойындағы жалғыз доппен «Қайрат» 3 ұпайын еншіледі.

Қалған ойындарда «Ертіс» - «Шахтер» 1:0, «Жетісу» - «Ақжайық» 4:2, «Ордабасы» - «Тараз» 1:0.

Жалпы турнир кестесін 1-6 орындары бойынша, «Тобылда» 61, «Ақтөбеде» 60, «Ертісте» 53, «Локомотивте» 50, «Атырауда» 44, «Шахтер» еншісінде 41 ұпай.

Ал 7-12 орындар бойынша, «Жетісуда» 49, «Ордабасыда» 45, «Таразда» 36, «Қайратта» 28, «Ақжайықта» 23 және «Оқжетпес» қоржынында 22 ұпай.

Сұрмергендер қатарында Ұлықбек Бақаев 16 доппен көш басында тұр. Онан соң Георгий Даскаловта 15 және Нұрбол Жұмасқалиевте 14 доп.