Тоғызқұмалақ Қытай, Моңғолия қазақтары арасында да қарқынды дамып келеді

Тоғызқұмалақ ойыны республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы, Қырғызстан, Моңғолия сынды елдерде, Ресейде, әсіресе Алтай мен Қарашай-Черкес республикаларында ойналып келеді. Ал Қытайда және Еуропа елдерінде ойынды ақпараттық жағынан насихаттап отырған көптеген жанашыр азаматтар бар. Бүгінде АҚШ-тың Аляска Университеті Тоғызқұмалақ ойынын зерттеумен айналысып отыр. Қазақстан Республикасында қазір спорт түрі ретінде Тоғызқұмалақ қанатын қеңге жайып, танымал ұлттық ойындардың біріне айналды.

Осы ұлттық ойынымызға өзіндік үлес қосып жүрген азаматтың бірі - Қазақстан Тоғызқұмалақ қауымдастығы төрағасының орынбасары Мақсат Шотаев. Ол өткен аптада Қытайда өткен тоғызқұмалақтан халықаралық семинарға қатысып, өзінің тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Елге келген соң арнайы жолығып, сол семинар жайлы сұхбаттасқан едік.

- Жақында Қытайға барып, төл спортымыз - тоғызқұмалақтан халықаралық семинар өткізіп қайтыпсыздар. Қанша мемлекеттің өкілдері қатысты?

- Қытайдың Үрімжі қаласында тоғызқұмалақтан алғашқы семинар 2008 жылдың 24-30 қараша күндері өткізілген болатын. Ол семинардың жоғары деңгейде өтуіне Шыңжаң қазақ мәдениет қоғамы, ғалым Шадыман Ахмет және Елбол Райханұлы деген азаматтар үлес қосқан болатын. Ол кездегі басты мақсатымыз Қытайда ұлттық ойынды насихаттау болатын. Осы жиыннан кейін тоғызқұмалаққа қызығушылардың саны артқанымен, өкінішке қарай, Е.Райханұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты біраз уақыттан кейін бұл іс тоқырап қалды.

Арада 6 жыл өткенде, биылғы жылдың ақпан айында, Үрімжіден Шынар Қапан деген азамат хабарласып, осы тоғызқұмалақты дамыту ісімен айналысып жүргенін жеткізді. Оған біз Моңғолияда өтетін жарысқа баруды ұсындық. Олар Шыңжаң қазақ қоғамының қолдауымен Баян Өлгейдегі жарысқа команда болып қатысып, өлшеусіз тәжірибе жинады.

2014 жылдың 13-15 қазан күндері Қытайдың Үрімжі қаласында тоғызқұмалақтан халықаралық семинар жиын, мәжіліс өткізілді. Оған Қытай, Қазақстан және Моңғолияның жаттықтырушылары мен рухани жанашырлары қатысты. Атап айтқанда, Шыңжаң қазақ қоғамының төрағасы Арып Зұрғанбай бастаған Үрімжідегі қазақ зиялылары, белсенді жастар, Қазақстан Тоғызқұмалақ қауымдастығы төрағасының орынбасары ретінде мен, төрешілер басшысы - Бауыржан Төлегенов, Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы - Дәулет Абдікәрімов, Моңғолия Тоғызқұмалақ қауымдастығының басшысы - Асылхан Сакей, осы елдің аға жаттықтырушысы - Алмасбек Қожағайын және баспасөз өкілдері қатысты.

-  Үрімжіден басқа тағы қандай қалаларда болдыңыздар?

Үрімжіден тыс, 16-17 қазан күндері Қытайдың қазақтар көп қоныстанған Алтай қаласына барып, жергілікті спорт басқармасының қолдауымен тоғызқұмалақтан халықаралық мәжіліс-семинар өткіздік. Бұл Үрімжі қаласында өткен семинардың жалғасы іспеттес болды. Жиын Алтай қалалық өкімет үйінің 7-ғимаратында өтіп, оны қалалық спорт басқарма бастығы Думан есімді азамат жүргізді. Мәжілісте тоғызқұмалақты Алтай қаласында дамытудың жолдарымен қатар, халықаралық деңгейде насихаттаудың міндеттері сөз болды. Негізгі баяндаманы мен Ғалымбек Қабыл және Асылхан Сакей жасадық.

-  Мұндай семинар өткізудегі басты мақсаттарыңызды айта кетсеңіз?

Тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде дамыту ісі - бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Ұлттық ойынды зияткерлік дәстүрі бар басқа елдерде насихаттау үшін ол елдерге барып семинар өткізу қажет. Сондықтан Үрімжі және Алтай қалаларына барғандағы басты мақсат  - ұмыт қалған дәстүрді жаңғырту, тоғызқұмалақпен таныстыру болды.

-  Жиындарда қандай мәселелер талқыланды?

Негізінен алғанда, екі қалада да тоғызқұмалақтың жергілікті жерлердегі және халықаралық деңгейдегі даму мәселелері жан жақты айтылды. Жиын барысында мен тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейдегі қазіргі жағдайымен қатар, Қазақстандағы қазіргі даму деңгейі жөнінде өз пікірімді ортаға салдым. Ал Қытайдағы тоғызқұмалақтың дамуы туралы сөз қозғаған Шынар Қапан тоғызқұмалақты Үрімжіде дамыту және мектеп бағдарламасына енгізу жолдары туралы баяндап, өзі шығарған тақта туралы мәлім етті. Ал Моңғолия Тоғызқұмалақ қауымдастығының басшысы Асылхан Сәкей ұлттық ойынның өз еліндегі даму жағдайымен таныстырды.

-  Осы барыста төл ойынымыз тоғызқұмалаққа байланысты қандай да бір келісімдер жасалған болар?

-  Тоғызқұмалақты дамыту ісін Қазақстан елі қолға алғандықтан басқа елдегі жанашырлардың барлығы бізді үлгі тұтып, бізге қарай бет бұрып тұратыны сөзсіз. Үрімжі және Алтай қаласындағы семинарлар барысында тоғызқұмалақтан осы елде қауымдастық ашу, мәдениет үлгісі ретінде тіркету, мектеп бағдарламасына енгізу, баспасөз беттерінде насихаттау және оқулықтар шығару жөнінде келісімдер жасалды. Бұл мәселелердің барлығына Шыңжаң қазақ қоғамы қолдау көрсететін болды. Сондай-ақ тоғызқұмалақ ойынының атауын Қытай тілінде өзгертпей беру туралы да мәлімдеме жасалды.


-  Ал шеттегі қандастарымызды ел ішінде өтетін жарыстарға шақыру, тәжірибе алмасу мәселелері қалай болмақ?

-  Тоғызқұмалақтан Әлем және Азия чемпионаттарына басқа елдегі қандастарымызды үнемі шақырып отырамыз. Бірақ оларда өз елдерінде насихаттау ісіне көп көңіл бөлуі керек. Мәселен, қазіргі  кезде Моңғолия тоғызқұмалақ қауымдастығы тек өздеріне мүше ретінде тіркелген тұлғаларды ғана жарысқа жіберу туралы шешім қабылдады. Ал, біздің елге келіп жарысқа қатысамыз, тоғызқұмалақ ойынын үйренеміз деген қандастарымызға және тоғызқұмалақ ойынына қызығушылық танытқан кез келген ұлт өкілін құшақ жая қарсы аламыз.

- Қытайдағы қандастарымыздың қазақтың төл спорт ойыны - тоғызқұмалаққа деген көзқарасы қандай?

-  Қытайдағы қазақтардың тоғызқұмалаққа деген көзқарасы өте жақсы екен. Семинар барысында зиялы қауым да, жалынды жастар да өздерінің осы ойынды меңгергісі келетінін байқатып отырды. Оған біз семинар барысында көз жеткіздік. Тоғызқұмалақты үйренгісі келген жастар күн батқанша шеберлік сабақтарына қатысып, өздерінің бұл ойынға деген құштарлығын көрсетті. Әзірше Үрімжіде жарыстар өткізілмегенімен, болашақта бұл қала тоғызқұмалақты дамытудың қайнар орталығына айналмақ. Бұл жай айтыла салған сөз емес.

-  Жалпы, Қытай бір ұлтты мемлекет құру саясатын жүргізіп жатқанын жақсы білеміз. Бұл саясат - ондағы қандастарымыздың осындай қазақтың төл спорт ойындарын дамытуына кері әсерін тигізбей ме?

-  Қазір тек Қытайда ғана емес, дүние жүзінде жаһандану мәселесі қатты белең алып тұр. Сондықтан алып мемлекеттерді мекендеген ұсақ ұлттар басқа ортаға жұтылып кетпеу үшін, өз мәдениеті мен бітім-болмысын сақтап қалуы үшін ұлттық құндылықтарға иек артуы керек. Үрімжідегі Шыңжаң қазақ мәдениет қоғамы Қытайдағы қандастарымыздың салт-дәстүрді ұмытып қалмауы, ана тілінде сөйлеуі, ұлттық құндылықтарды игеруі үшін өзіндік жұмыстар атқарып отыр екен. Мәселен, қоғамның төрағасы Арып Зұрғанбекұлы айналасына ұлтжанды азаматтарды жинап, түрлі деңгейдегі рухани іс-шаралар өткізіп, қазақтың жоғалып бара жатқан көптеген дәстүрлерінің сақталып қалуына жұмыс жасап жатыр екен.

Мәселен, қазіргі кезде Үрімжіде көн тігу өнері мен саба дәстүрі жойылып кеткен екен. Осыны қайта жандандыру үшін арнайы мамандарды шақырып отыр. Сондай-ақ, Арып Зұрғанбекұлы ел есінде ұмытылып бара жатқан тоғызқұмалақты да жастарға үйрету үшін осы семинарды жоғары деңгейде өткізе білді. Шет жерде жүрсе де осындай қазақтың мұддесін ойлап, ұлт үшін еңбек етіп жүрген қандастарымызды көріп, өте разы болып қайттық.

Жалпы жиынның қорытындысында қазіргі кезде қазақтың бүгінгі және көнедегі спорт немесе өнер түрлерінің ішінде күнделікті әлем халықтарының қажетіне айналып отырған бірден-бір мұра тоғызқұмалақ екендігіне көз жеткіздік. 

Өзімнің семинар барысындағы жеке жетістігім ретінде Шалқар есімді азаматтан «Дария» атты зияткерлік ойынды жазып алуымды бағалаймын. Бұл ойын қазақ халқының рухани мұраларының мол екендігіне тағы да дәлел болады.

-  Әңгімеңізге рахмет!

                                                                         Сұхбаттасқан: Күнсұлтан Отарбай