Тойжарыста бақ сынап, тұлпар мініңіз!

Сондықтан тойдың барлық қасиеттерін бір жерге жинақтап, жан-жақты талдап, ашу «ТойBestStar» думанының басты мақсаты.

        Жүргізушілікке еш іріктеусіз, ұйымдастырушылардың қалауымен таңдалған елімізге белгілі жезтаңдай әнші Жанар Айжанова мен танымал актриса, әнші Айгүл Иманбаева. Апалы-сіңлілі рөліндегі екеуі тойдың ұйымдастыруын өз мойындарына алатын бас кейіпкерлер.   Апалы-сіңлілер келер қонақтың тізімінен бастап, не ішіліп-желінетіні, кім ән айтып, кім той басқаратыны, кімге не беріледі сияқты мәселелермен бас қатырып, той кезінде ұшып-қонып қонақ күтіп жүретін адамдар. Біздің жүргізушілер қазақтың нағыз келіндері, сөзге де, іске де пысық. Тойдың әр қонағын қарсы алып, жөн-жоралғысын жасап, той барысын бақылап отырады.

       Қонақ – ең басты кейіпкер. «Той BestStar»-дың әр қонағы қазақ тойының жарық жұлдызы, қадірлі қонағы. Осы аптаның сыйлы қонақтары – бидің ханшайымы, сахнаның патшайымы Шұғыла Сапарғалиқызы, танымал актер Нұржан Тутов, Қазақстанның барысы, Еуразияның барысы Бейбіт Ыстыбай!

       Тойдың қызықты, көңілді, думанды өтуі асабаның өнеріне байланысты. Сондықтан той иесі той басқаратын адамды мұқият іздеп таңдайды. Асаба шын мәнісінде сегіз қырлы, бір сырлы адам болса, тойдың әзілге, әнге, биге толы болуын қамтамасыз етеді.

       Бүгінге дейін Жанатбек Бәйтеков, Асылбек Боранбай, Нұрлан Албан, Алмат Сақатов сияқты елімізге белгілі азаматтар қазақы тойды қалай басқару керек екенін жоғары деңгейде көрсетті. Осы аптаның асабасы - әзілдің атасымен, қалжыңның әкесімен таныс  Мұрат Көккөзов!


       Үздік той видеосын анықтайтын бәйге әлі де жалғасуда. 22 наурыз Ұлыстың ұлы күні      «Той BestStar»-дың тұлпарын мініп кетіңіздер!  Қатысу үшін тойға барыңыз. Өзіңіздің той ма, басқаның тойы ма - сіздің еркіңіз. Ең бастысы той қызықтарынан видео түсіріп, біздің tbs@ktk-tv.kz электронды мекен-жайына жолдаңыз. Ерекше тілек, қызықты флешмоб, біртүрлі билер, бұрын болмаған ойындар көрсеңіз жай қарап тұрмаңыз - видеоға түсіріңіз.

      Тағы бір жаңалық! Тойда ән салатын әншілер тойға лайықты болу үшін «Той BestStar» думаны «Той фактор» деп аталатын жаңа айдар ұсынады. Өзін қазақтың тойына лайықтымын деп санайтын кез келген әнші келіп, Айгүл мен Жанардың сынынан өте алады. Алдағы бағдарламада бақ сынауға, той дегенде жан беретін әнші – Нұрлан Еспанов келді.

   Әр сенбінің кешінде, сағат 19.20-да  КТК арнасында нағыз қазақы тойдың куәсі болуға шақырамыз!