Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорда.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында салық реформасына тоқталды.
Үкімет қосылған құн салығын көтеруді ұсынып отыр.
"Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдік пен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды.
"Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Тоқаев үкімет ұсынған салық реформасы "жалпы алғанда, дұрыс" деп санайды.
"Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн", - деді президент.
Осы орайда Тоқаев биліктің бизнеске қолдау көрсете беретінін ерекеше атап өтті. Оған күмән болмауға тиіс.
"Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс", - деп атап өтті президент.
"Салық реформасы бойынша батыл шаралар дәл қазір қабылдануы керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз", - деп түйіндеді Тоқаев.