”Тоқал аласың ба деп те айттым”: Өмірқұл Айниязовтың жары отбасындағы қиын кезеңді еске алды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Әншінің жары “Менің өмірім” бағдарламасына берген сұхбатында 21 жыл бойы екінші рет ана атануды армандағанын айтты.

”Үлкен ұлымыз Нұртуғаннан кейін бала көтере алмай жүрдім. Ол 3,5 жасқа келгенше ойланған жоқпыз. Алматыдан Талдықорған қаласына көштік, жас болдық. Неге менде болмай жатыр деген ой келген жоқ. Кейіннен менің денсаулығыма байланысты болмай қалды. 21 жыл күттік. Менің сенімім мықты болды. Пенде болғасын асығамыз. Бірақ ағаштың жапырағының өзі Алланың қалауынсыз жерге түспейді. Құдайдың бұйрығы 21 жылға созып, сынақ берді. Сол сынақтан өттік. Оңай болған жоқ. Қиын кездер де, түсінбеушілік те болды. Бәрін әдемі етіп көрсеткім келмейді. Бір шүкіршілік ететінім, ұстасқан қолымыз ажыраған жоқ. Әйел болғасын ренжіген, жылаған сәттер болды. Бірақ жүрегімнің түбіндегі тағы да ана боламын деген сезім мені ұйықтатпайтын. Сол сенім алға жетелеп отырды. Бір бала болса да баламыз болғанына да шүкір еттік. Қалай да ана болуым керек деп емделдім. 21 жылдан кейін Айсезімді көтердім. Араға 2,5 жыл салып, Айсұлтанды көтердім”, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол балалы бола алмай жүрген кезде жарына тоқал алуды ұсынғанын да жасырмады.

”Өмірқұлдың көңіл-күйі түссе қатты жүрегім ауыратын. Өзі ғана сезіп қоймайды, жан жағы да айтады. “Туғыза алмай жүрсің ба” деген сұрақтар оның жанына бататын. Көңіл-күйі түскенін көз жанарынан байқап қалатынмын. Бір кездері, 16-17 жыл күткеннен кейін тіпті “тоқал аласың ба” деп те айттым. Өмекеңнің көпбалалы әке болғанын қаладым. Концертке жол жүріп бара жатқанда айттым. “Уақыт өтіп жатыр, жасымыз да келді. Басқа жағын қарастырармыз” деп едім. Ол кісі “тоқал алып берейін деп пе едің” деп аузыма салып берді. “Сен үшін бәріне дайынмын, мүмкін оны да қарастырармыз” деп едім, “ойланамын” деп шығып кетті. Іштей алай-дүлей болдым. Келгесін бұл әңгімені тағы қозғадым. “Мен ойландым, сенсіз өмірімді елестете алмаймын. Егер, бізге құдай бала бермесе біздің тағдырымыз деп қабылдаймын. Енді естімейтін болайын” деді. Сол жерде жылап жібердім. Қазір құдай ниетіме де берген шығар деп ойлаймын”, - дейді ол.