Токио Олимпиадасында ерсі қылық көрсеткен Әлиев қатаң жазаға тартылды

 Токио Олимпиадасы кезінде төрешінің шешіміне наразылық білдірген француз боксшысы Мурад Әлиев жарыстан шеттеттіліп, оның нәтижесі жойылды, деп хабарлайды Caravan.kz порталы  Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

Олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің мәліметіне сүйенсек, Әлиев спортқа жат әрекеті үшін дисквалификацияға ұшырады.

"Осыған байланысты боксшыға жойылған нәтиже үшін "DQB" белгісі берілуі керек. Сондай-ақ ол осы салмақ дәрежесінен шеттетілуі шарт", - делінген хабарламада.

Айта кетері, Франция боксшысы Мурад Әлиев аса ауыр салмақ дәрежесінде сынға түсті. Токио Олимпиадасының ширек финалында ол британиялық Фрейзер Кларкпен жұдырықтасты. Екінші раундта төреші Әлиевті жекпе-жектен шеттетті. Өйткені боксшы қарсыласын әдейі басымен ұрды деп шешкен.


Әлиев Олимпиадада наразылық білдіріп, бір сағат бойы рингтен кетпей қойды

Бұл шешімге ызаланған Әлиев жеңілгенімен келіспей, аузындағы тіссауытын түкіріп тастап, телекамераны жұдырығымен бір ұрады. Осыдан кейін ол бір сағат бойы рингтен кетпей, басқа жекпе-жектерді өткізуге бөгет жасаған. Ақырында тәртіпке бой ұсынып, шаршы алаңнан кеткен.

Мурад Әлиев Мәскеуде туған, бірақ алты жасында отбасымен Францияға көшіп кеткен.