Төле, Қазыбек пен Әйтекені Нью-Йорк жұрты жақсы таниды

Қыркүйекте 17 жасқа толатын олар өздерін Астананың «құрдасы» санайды, деп хабарлайды «Хабар» агенттігі. 

Төле, Қазыбек пен Әйтеке. Тәуелсіз Қазақстанда туған бірінші үшемдер жайлы ел 1998 жылы «Хабар» агенттігінің жаңалықтарынан білген еді. Балалар бір құрсақта дамығанына қарамастан, туғанда салмақтары жақсы болды: 2.300, 2.700 және 2 келі 800 грамм.  Сол кездегі білім, спорт және денсаулық сақтау министрі Қырымбек Көшербаев қуанышқа толы жас ата-анаға жеке өзі келіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан хат тапсырған болатын. Төле, Қазыбек пен Әйтеке үшемдерге үш жас толғанда, дипломат әкелері Исраил Тілеген Лондонға қызмет атқаруға кетті. Одан кейін бірнеше жыл Астанада жұмыс істеп, келесі шетелдік іссапармен Америка Құрама Штаттарына бет алды.  Міне, жанұяның Нью-Йоркте тұрақтағанына бүгінде бес жыл болды. Үшемдер шетелде тұрып жатқанына қарамастан, туған ел тарихына қатысты деректерді үнемі зерделеп жүреді екен.

Төле Тілеген:

 -Менің атым - Төле. Мен Қазыбектен 10 минутқа, ал Әйтекеден 15 минутқа үлкенмін. Біз есімдерімізді қадір тұтамыз, өйткені оны Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қойған. Менің атымды ұлы Төле бидің құрметіне қойды.

Қазыбек Тілеген:

-Менің есімімді Қазыбек бидің құрметіне қойған. Ол сөзіне хан да, сұлтан да құлақ асар халыққа танымал би мен қайратты саясаткер болған.

Әйтеке Тілеген:

-Ал мені танымал би, шешен Әйтекенің құрметіне атаған.

Үшем Нью-Йорктың Бронкс аймағындағы мектепте білім алып жүр. Оқудан кейін олар спорт үйірмелеріне қатысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болған екен.