Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылдың сәуір айында америкалық жасанды интеллект сервисі ChatGPT 4,786 миллиард рет қаралған. Осы көрсеткіш нәтижесінде ол әлемдегі ең көп қаралатын ТОП-5 сайттың қатарына енді.
Similarweb компаниясы мәлімдегендей, пайдаланушылар бұл сайтта орта есеппен 7 минут 15 секунд уақыт өткізеді. Бір кіргенде олар шамамен 4,15 бетті қарайды. Ал тек бір бетпен ғана шектеліп, сайттан шығып кететін қолданушылардың үлесі — 29,59%.
Жалпы рейтингте бірінші орынды Google иеленіп отыр. Одан кейін YouTube, Facebook және Instagram желілері орналасқан. Ал бесінші орынға алғаш рет ChatGPT көтерілген.
Google іздеу жүйесінде қолданушылар орта есеппен 10 минут 31 секунд уақыт өткізеді және бір кіргенде шамамен 8,91 бетті қарайды. Бір беттен соң сайттан шығып кететіндердің үлесі — 26,57%.
YouTube — екінші орында. Бұл платформаны қолдану ұзақтығы орташа есеппен 20 минут 18 секундты құрайды. Қолданушылар орташа есеппен 13,15 бетті шолып үлгереді. Ал бір бетпен шектелетіндердің үлесі — 20,49%.
Әлеуметтік желілер арасында алғашқы үштікке кіретін Facebook пен Instagram сайттарында пайдаланушылар орта есеппен 10 минут 42 секунд және 8 минут 37 секунд уақыт өткізеді. Бір сеанста Facebook-та 13,53, ал Instagram-да 13,38 бет қаралады. Facebook-тан бірден шығып кететіндер – 29,78%, ал Instagram-да бұл көрсеткіш — 33,12%.
ChatGPT-дің әлемдегі ең көп қаралатын сайттар тізімінде енуі жасанды интеллектке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.