Биыл көктемде тосыннан келген апатты атбасарлықтардың ұзақ уақыт ұмыта алмасы анық. Бірақ қазір соған баға беріп, кінәліні іздеп жатқан ешкім жоқ. Бәрі алдағы қыста далада қалмаудың қамына кіріскен. Екпіндеп келген топан судан үйлері жарамсыз боп қалған 207 отбасы 4 айдан бері әр жерді паналап келеді. Енді, міне, солардың 29-ына баспана бұйырды. 5 қабатты жатақхана осымен 4-ші рет жаңартылып отыр екен. Бұған дейін ол бұрынғы медицина училищесіне тиесілі болған. Тұрғындарға өз қолымен пәтер кілттерін тапсырған Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин қалған 178 отбасы да көп кешікпей баспаналы болады деп уәде берді.
Сергей Кулагин, Ақмола облысының әкімі:
- Қазан айының ортасына қарай екі 45 пәтерлік үйді,содан кейін желтоқсанның 20-сына қарай тағы 90 пәтерлі үйді тапсырамыз деген сенімдемін. Қазір бүгінгі көңілді мереке туралы ғана айтайық, басқа сұрақтарды келесі кездескенде қоясыздар.
Жаңа пәтердің кілті қолдарына тиген тұрғындардың қуанышында шек жоқ, әрине. Жанталаса алға беттеп, өз пәтерлерін іздеп жүр. Өмір бойы жер үйде тұрып, енді қартайғанда барлық жағдай жасалған баспана алғанына зейнеткерлер жағы риза. Ал мына тұрғын пәтерінің есігін аша алмай, аптыққан көңілі су сепкендей басылды.
Серік Ақбаев, Атбасар қаласының тұрғыны:
- Мыналардың кесірі, мыналардың кесірі.1 сағ болды тұрғанымызға, есік ашылмайды. Бұл жаман ырым емес пе, қазақта.1-ші рет алып, есік ашылмайды. Білмеймін, қайдан білейін?
Бұл баспаналардың бөлмелері тым шағын. Ал бір бөлмелі пәтер алғандардың арасында 2 балалы отбасылар да бар.
Виталий Емельянов, Атбасар қаласының тұрғыны:
- 4 адам осы шағын ғана залда қалай ұйықтаймыз. Мұндайды күтпеп едік. Бір диван ғана сияды. Басқасын іздеу керек.Мүмкін болса, бас тартатын шығармыз. Мен бұған дейін келіп көрмеп едім.
Сол көктемде Атбасардағы №1 мектепті де су шайып кеткен еді. Ғимаратты жөндеуге 135 миллион теңге бөлініпті. Жөндеу жұмыстары әлі толық аяқталмаса да, аудан басшылығы облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен мектепті салтанатты түрде пайдалануға берді. Ал қазан-желтоқсан айларында тапсырылуы тиіс 4 үйдің екеуінің бірінші қабаты енді салына бастапты.