Тоқаев: Бақытты шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды. 

"Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады",- делінген президенттің құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның міндеті екенін айтты.

"Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Отбасы құндылықтарын сақтауға және дәріптеуге ата-аналар қауымы да зор үлес қосып келеді. Сіздер әрбір перзенттің тағдырына алаңдап, Отанымыздың болашағын ойлап, шынайы жанашырлық танытып жүрсіздер. Сіздерге және барша отандасымызға амандық, бақ-береке тілеймін! Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын
!",- деді президент Тоқаев. 

Еске салсақ, 15 мамыр - халықаралық отбасы күні. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген.