Тоқаев білім министріне мұғалімдердің жалақысына қатысты тапсырма берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Асхат Аймағамбетов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Білім және ғылым министрлігінің жаңа оқу жылына дайындық және бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы жайында есеп берді. Президент жаңа оқу жылын дұрыс ұйымдастырудың маңызды екенін ескертті. Әсіресе қашықтан оқыту кезінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету қажеттігіне баса назар аударды.

Мемлекет басшысы білім және ғылым министріне педагогтердің мәртебесін көтеру жөніндегі жұмысты жалғастыруды, ұстаздарды негізгі қызметінен бөлек жұмысқа жұмылдырмауды және 2021 жылғы қаңтар айына жоспарланған мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін одан әрі кеңейту, жоғары білімнің сапасын арттыру және ЖОО-дағы ғылымды дамыту туралы тапсырма берді.


Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақасын кезең-кезеңмен көтеру туралы айтқан.