Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Алдағы уақытта президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте басшы лауазымдарын атқаруға заңды түрде тыйым салынады. Әділет министрі Қанат Мусиннің айтуынша, осы лауазымдардың тізіміне дипломаттар да кіреді.
"Конституцияға президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызметте саяси лауазымдарды атқаруға тыйым салу тетігі енгізіледі. Ол үлкен тізім, оған белгілі бір дәрежесі бар дипломатиялық қызметкерлер де кіреді", - деді Мусин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Осы орайда тілшілер Тоқаевтың туысын қызметтен ала ма, жоқ па, осы мәселені нақтылап беруді сұрады. Министрдің сөзіне қарағанда, Конституция талаптары барлығына ортақ болады.
"Жаңағы тыйым енгізілген бойда барлығы заң бойынша жасалады. "Қызметтен алып тастайды" деген сөз кеңес дәуірінен қалған термин шығар. Ол кісі қызметін босатуға тиіс, себебі заң бойынша оны атқара алмайды", - деп атап өтті Мусин.
Айта кетері, Тоқаевтың қарындасы – Қарлыға Ізбастинаның күйеуі Теміртай Ізбастин Қазақстанның Болгариядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып жүр.