Төреғали Төреәлі досы Жандарбек Бұлғақовпен не үшін араласпай кеткенін айтты


Төреғали Төреәлі ол туралы  Instagram-да  жазды, деп хабарлайды Caravan.kz порталы. 

Жандарбек Бұлғақов!
Бұл есімді ешкім көп біле қоймай тұрғанда мен өте жақсы білуші едім.
Жұрт сыртына тамсанып жүргенде мен бұл жігіттің ішінде, көңілінде, жүрегінде жүретінмін.
Қатты доспыз.
Бала кезден, бал шақтан.
Қатар өстік, тай-құлындай тебістік,небір ортақ қызықтарымыз болды.
Бізде ара қашықтық деген болмайтын.
Қайсымыз қай қалада жүрсек те ұшып сағынып кетсек ұшып бара салатынбыз.
Жәкең отау құрғанда мен жігіт жолдас дегендей ғой общым😁👌
Неге өткен шақпен сөйлеп отыр демеңіздер, қазір де арамыз ажырап кеткен жоқ.
Бірақ біраз салқындап кеткен уақыт болды.
Адамның беті шыдамайтын, кешірімге келмейтін кемшіліктер емес, балалықтың шалығымен жүріп аз-маз өкпе-реніш болды. Бірақ шүкір, қазір бәрі дұрыс. Адамға балалық не үшін қымбат, жастық не үшін қымбат, қайтып келмейтін сәттерімен, есіңе түссе кеудеңді қытықтайтын тәтті естеліктерімен қымбат.
Маған Жандарбектің бойындағы талай қасиет үлгі болды.
Айтыстағы алым-шалымы, ортадағы жатыпатар әзілдері, кісімен мәмілесі бәрі-бәрі анау-мынау жігіттің бойынан табыла бермейді.
Тіпті еркелігінің өзі ерлік сияқты бойына жарасып тұратын.
Ел де екеумізді әбден еркелетіп бақты🤗
Топтың, халықтың ортасында болдық.
Одан кейін аз уақытқа екі тарам жолға түсіп кеткендей болдық. Қазір енді алып-ұшпа сезімнің жетегінде жүрген бозбала емеспіз, екеуміз де отбасылы, балалы-шағалымыз.
Оның да өз әсері болмай тұрмайды.
Мен эстрадаға түбегейлі бет бұрдым, Жәкең айтыстың аламанын қыздырып жатты.
Бұл да сәл әрдайым бірге жүре алмауымызға себеп болды.
Әйтеуір қазір бір-бірімізге тілекшіміз. "Сөз қадірі-өз қадірің" атты онлайн тренинг өткізіп жатқанын көріп қуанып қалдым. Оның жайын одан артық білетін кім бар, сәттілік!
Кеше ғана өткен туған күніңмен, “JAX” ,Алла екі дүниеңе амандық, жақсылық берсін.
Көңіл баяғыдай.
Өзіңмен бір күнде туған күнін тойлаған атұстарың да өзіңнен асып туған азамат болсын!
Бар бол, досым!