Төреғалидың әкесі отандық продюсерді “атып өлтіремін” деп қорқытқан

Бұл туралы ”Жұлдыздар әлемі” сайты мәлімдеді.

2017 жыл – шоу бизнесті біраз шулатты. Осы саладағы ең шулы бағдарламалардың продюсері болғандықтан, бұл оқиғаларды сіз бәрінен жақсы білесіз. Әсіресе, жыл соңында орын алған Төреғалидің сахнадағы әрекетті – бұрын-соңды болмаған ажиотаж тудырған сияқты. Төрешті даттаушылардың қатарында сіз де барсыз. Жығылғанға жұдырық па?

Сайып келгенде, бір терінің пұшпағын илеп жүрміз ғой, сондықтан, Төреғалиға жұдырық емес, жанашырмын. Былапыт сөзі үшін, кешірім сұрағанын қаладым. «Әй, Төреш, кешірім сұра» деп жазсам, ол мән бермес те еді. Өзімен бір сахнада жүрген әріптестерінің айтқаны дұрыс қой. Сондықтан, ағаларға тиістіріп жаздым. «Имидж үшін, бір топты қуып жіберуге дайын еді, «Әр қазағым – жалғызым» деп әдемі пост жазатындар – залдағы мың қазаққа пасық сөз айтылғанда, неге үнсіз?» дедім. Бағлан Әбдірайымов түсінді. «Ninety one» тобына қарсы шыққандардың бірі сол еді. «Құлақтағы сырғаларыңды шешпесеңдер, еркекше сөйлесеміз» деді ол. Төреғалиға да бірден: «Кешірім сұра» деп ұрысып алды. Боксер ғой, тәтті сөйлей алмайды, турасын айтады. Төреғалидің бұлай деп еркінсінгені бірінші рет болып тұрған жоқ. Шымкенттік әріптесіме де дөрекі жауап қайтарғанын көрдік. Ол қыздың әлеуметтік желіде жақтастары болмай, жабулы қазан сол күйінде қайнап тұр әлі. Жарайды, журналистер өздері үшін тұра алады ғой, ақпарат қаруы – қолымызда. Халық ше? Төреғалиді жақтаушылар: «әлгі ағаның өзі кінәлі, кішкентай балалармен сахнада суретке түсе бергені үшін, Төрешті жазғырған» деп жатыр. Сол жерде Қайрат Нұртас болса: «аға, келіңіз сізбен де суретке түсейін» – деп, мәселені басқаша шешер еді. Неше күннен бері осы сөз жазылған түрлі суреттер шығып, түрлі әзілдер айтылып жатыр. Төреғали бұл сөзді брендке айналдырды. Ал, журналистер ол туралы бағдарлама жазғанда, есімі Төре деп басталғандықтан, төрімізден орын алған әнші Төреш деп ойнатады сөздерін. «Төре бала» дейміз оны. Бұлай деп, жеңгелер тек сыйлы, құрметті қайныларына ат қойған. Біреулер бұл видеоны монтаж деп шулады. Телевизия саласында он жыл жүрген адамға монтаж деген өтіріктері өтпейді.

Демек, Төреғалидің бұл сөзіне таң қалмадыңыз ғой?

Таң қалмадым.  Екі жыл бұрын, Төреғалидің әкесімен ұрысып қалған едім. Ол: «Еркені танытқан Төреғали» деп сұхбат беріп, соңы дауға ұласқан. Сол сұхбатымды неге шығарасың деп, маған телефон шалып, аузына келгенін айтқан-ды. Берген өзі, Еркенің абыройын түсір деп қинағамыз жоқ. «Мен сені атып өлтірем, жоқ қылам, Қазақстанда жүргізбей қоям» деп уәде етті. Өзгелерге айтқанымда, көзіне жас алғандар болды. Емізулі сәбиім бар еді, сүтім тартылып қалды. Сенесіз бе? Қателігім сол, диктофонды қоспаппын. Тек жылап тұра беріппін. Маған, қаршадай келіншекке солай сөйлеген адамның баласы былапыт айтты дегенге таң қалмауым – осыдан шығар?!

Желідегі сол жазбаңыздың астына біреулер: «91 мен Баянды ұлықтап жүре беріңіз, қазақтылықтан жұрдайсыз» деп жазыпты…

Ұлықтау деген сөздің мағынасын түсінейікші бірінші. Құдайды ғана ұлықтаймыз, адамды емес. Өз жобаларымда Баян мен «91» туралы не жазбадым мен?! «Өзгенің қаңсығын таңсық қылғандар» дедім. Неге Ерболат Бетелхан «атып өлтірем» демеді?! Он жыл бұрын, HIT TV арнасында жұмыс істегенімде, Қайрат Нұртасқа «мамасының баласы» деген лақап атты мен таққам. Гүлзира Үсенқызы өкпелеудің орнына: «Маған сен сияқты тік мінезді қыздар керек, өзіме ұқсағансың» деп, жұмысқа шақырды. «Держи врага ближе» дейді ғой орыстар, ол кісінің позициясы – сол. Есімде, «Екі жұлдыз» жобасында жұмыс істеп жүргенімде, бір орыс журналисі бағдарлама туралы сын мақала жазды. Сол кездегі бастығым, жоба продюсері әлгі сыншыл әріптесімді жұмысқа шақырды.

-Динара Адам ба?

– Иә, Динара Адам. Динара Адам бола тұра, өзін сынаған адамды жұмысқа алып, оған айлық төледі. Тележобаның жасалу үрдісімен таныстырды. «Екі жұлдыздың» қара жұмысына түгел араластырды. Соңында: «Қалай, оңай ма екен?»- деп сұрадық одан. Ол жеңілді. Сын мақаласының бұрыстығын түсінді. Төреғалиға жұмысқа сұранып отырғам жоқ, тек шоқтығы биік адам – биіктігін істейтінін айтқым келеді. Ал, шоу бизнес өкілдерінің бірінші жауы – журналистер. Әсіресе, біздің жобалар сияқты дүниені жасайтындар. Сондықтан, жауласудың орнына дос болу керек бізбен.

Баян Мақсатқызын, Қайрат Нұртасты, 91 ді айттыңыз. Мақтадыңыз. Ұлықтау деген осы емес пе?

Ұлықтау емес, бұл – мойындау. Осы салада қалам тербеп жүргеніме он жыл болды. Кімнің жұлдыз деген атаққа қалай жеткенін жақсы білем. Қайрат сияқты еңбекқор адам аз. Сол «Екі жұлдыздың» кезінде, бәріміз түстеніп отырған едік. Өнердегі жасы үлкен ағамыз Қайраттың әндерін сынап сөйледі. Қайрат жәй ғана: «Аға сіздің қанша әніңіз бар?» – деп сұрады. Ол кісі жауап бере алмады. Өйткені, оның қырық жылғы өнер жолында жазған әндерінің саны саусақпен санарлық. «Қайрат, сенде ше?» деп сұрадым. «Бүгін 101-әнімді жаздырттым» деді ол. Қайраттың сахнада жүргеніне ол кезде бес-алты жыл болған еді. Баян ше? Тағдырдан таяқ жеген әйелдің жеке өміріне араласпайықшы. Еңбекқолығын үлгі етейік. Ауылдан келіп, шоу бизнестің қасқырына айналған жолын көрейік. «91-ге» қатысты айтарым да – осы. Сырт келбеттері үшін, жақтырмағам әуеліде. Қазір де қабылдаймын дей алмайм. Қыздарым әлі кішкентай, сонда да болашақ күйеу балаларым қызыл шашты болса, тіл табыса алар ма екем? Бірақ, биылдың өзінде төрт клип түсірген, бірнеше ән жазған, кино мен телехикая шығарған, күйтабақтың тұсауын кескен, киім топтамасын ұсынған, қала берді шәкірт тәрибелеп жүрген топты қалай мойындамайсың?! 20-24 те жастары. Бұл жастағы жігіттер қыздың соңында жүреді, я болмаса, жұмыс таппай, сандалып, ата-ананың мойнында отырады. Ал, «91 дегі» құрдастары мәдениетте төңкеріс жасауда. Өткенде «Жыл таңдауында» Q-POP бағытындағы топтар көп болды. Бір әнші: «Оңтүстік Корея болыппыз ғой» – деді.

Талай жыл Өзбекстан секілді өмір сүрдік қой, өзбектің әнін төрімізге шығардық, бірақ, өзбек боп кеткеміз жоқ. Қазақ жетпіс жылда да орыс боп кеткен жоқ, дәстүріміз сақталған, тіліміз ұмытылмаған, дініміз жаңғыруда. Өйткені, қазақ ақымақ емес. Корейдің мәдениетінен керегін аламыз, керек емесін лақтырамыз. Q POP– жәй ғана тәжірибе. Оның үстіне, атауына қараңыз, «Қ» әрпінен басталады. Қазақтың поп музыкасы дегенді білдіреді. Бұл жігіттер музыкамен түрлі тәжірибе жасап жатыр. Жақында топ мүшесі Батырханның, яғни Әлемнің домбырамен түскен суретін көрдім. Q-pop әндеріне домбыраның үні қосылса, қалай болады екен? Маған қызық. Кезінде, домбыра, скрипка, гитара сияқты түрлі ұлттың аспабын синтездеп, Қыдырәлі ағамыз «Ұлытауды» шет елге шығарды емес пе? Үш қыз тәрбиелеп жатқан анамын, қыздарымның сапалы музыканы тыңдап, үлгілі мәдениеті бар елде өскенін қалаймын. Сондықтан, тәжірибе жасаушыларды қолдаймын.

Төреғали ше? Ол еңбекқор ма?


Оның әндері – сөзімен ерекше. Ақын ғой. Қайнар Алагөзов жазып берген туындылары – тіпті керемет. Қайнар – сөздің жанглёрі. Жанглер қолындағы шарларды қалай шебер ойнатса, Қайнар да сөзді солай лақтырып, қағып алып отырады. Сөзді түсінетін, әнді түсінетін, «Жаным қазақ» деп шырқаған жігіттің – сахнадағы ісіне неге ренжігеніміз – енді түсінікті болған шығар?! «Нельзя очаровываться, чтобы не было больно при разочаровании» дейді орыстар. Сондай болып тұр ғой. Бірақ, кешірім сұрады, тұтас ел болып, кешірімін берді.

«Ел аузында», «Инсталайық» сияқты жобалар – көбінесе әншілердің жауласқанын көрсетеді. Мақсаттарыңыз елді өзара қырылыстыру ма?

Қара шаңырақ, ҚазҰУ-дың журфагын бітірген адаммын, ұстаздарым: «Журналист өз бағдарламасында өз пікірін айпайды, тек ақпарат береді» деп тәрбиеледі. Ал, кімді даттап, кімді жақтайтынын халық өзі шешуі керек. Әлеуметтік желіде, болмаса сұхбат бергенде, жеке пікірімді айтуым мүмкін. Бірақ, бағдарлама сценариінде емес. Біз ұрыстырмаймыз, тек өздерінің айтқанын шығарамыз. Жеке өмірдегі жаңалықтарда да солай. Өсекті рейтинг үшін бірінші болып айтуға асыққан емеспіз. Бірінші боламыз десек, біздің команданың білмейтіні жоқ. Байлаулы тілімізді тарқатса, әнші түгілі жоғарыдағы небір адамдарға да таяқтың ұшы тиюі мүмкін. Өткенде “Gakku” арнасының продюсері Тимур Балу: «бағдарламама кімді шақырсам екен» – деп жазыпты парақшасына. «Мені» дедім әзілдеп. Ол да іліп әкетті. «Ойбай, сендегі компроматтарды ешкім естімесін» – деді. Көпшілік бізді: «журналистер неге шоу бизнесті айта береді, елдің басқа мұңы жетеді ғой» деп сынайды. Келіспеймін. Әлеуметтік, саяси бағдарламада жүрген әріптестерім түрлі тақырыптарды қозғап жатыр. Олардың жырлайтын жыры – бөлек.  Мен жасайтын жобаның концепциясы о баста «шоу бизнес саласы» туралы деп жазылған соң, сахна саңлақтарының арасына саясатерлерді қоса алмаймын. Жанр сондай.

Кейде шоу бизнес емес, саяси бағдарламаларды жасау ойыңызда жоқ па?

Шынымды айтайын, мен Қарағандыдан, Алматыға арман қуып келгенде, Артур Платонов жүргізетін жобада жұмыс істегім келген. Бір-екі рет газетке сондай мақала да жаздым. Бірақ, ащы сөдерімді тәтті қып, жазғанымды өзгертіп тастайтын. Халықтың мұңын айтқызбады. Қанатымды кесті. Саясаттағы сұмдықты айта алмай жүргенше, шоу бизнестің шындығын жазғаным артық емес пе? Мәдениет саласына да ойлы, жаза алатын журналистер керек. Бұл салаға жеңіл деп қарамау керек. Рейтинг жағынан, «Ел аузында» бағыттас жобалардың арасынды бірінші орында. Неге? Өйткені, бұл бағдарламаның басы-қасында – түрлі бағыттағы жобаларда өскен адамдар. Сараптай алғандықтан, біз кемшіліктерді жоя аламыз. Мәселен, музыкалық арнаның бас продюсері Тимур Балымбетов «Гаккуде» плагиат әндердің айналуын тоқтатты. Өйткені, біз сол кісімен бірлесе отырып, осы тақырыпқа бірнеше шығарылым арнадық. Содан бері, ұрланған әндер тоқтап, қазақ сазгерлері сұраныстан айырылғаны үшін ұяла бастады. Бүгінде төл әніміз көбейіп келеді.

Сұхбат берген соң, «олай айтқам жоқ, монтаж жасалған» деп шығатын әншілер бар ма?

Бар. Бірақ, шынымен монтаж жасаймыз. Өйткені, біз олардың 1 сағат сөйлегенін жиырма минуттық жобада көрсете алмаймыз. Динамикалық бағдарлама жасау үшін, сұхбат 15-20 секундтан аспауы керек. 30 секунд деп рұқсат етілген телевизияда. Бірақ, жылдам жобаларда оның өзі – ұзақ. «ііі» деп ойланғанын, «еее» деп толғанғанын көрсете алмаймыз. 30 секундтық аңдатпаға бола, сотқа берем деп жатады. Бағдарламаны көрген соң, аңдатпаның – қызықтыру үшін жасалғанын түсініп, кешірім сұрайды. Күні кеше Жазира Байырбекованың ағасы, сазгер Ербол Байырбеков сөйтті.

Сұхбат алғанда, рахаттанып тыңдайтын адамдарды адамды атай аласыз ба?

Қысқа да, нұсқа сөйлейтіндер: Меруерт Түсіпбаева, Алуа  Қонарова, Айгүл Иманбаева, Баян Мақсатқызы, әлгінде айтқан «Жігіттердегі» Бағлан. Соңғы рет «91» ден сұхбат алдым ғой, Зак пен Әлемнің кітап оқитын балалар екені көрініп тұр. Тіпті, продюсерлері Ерболат Беделхан сұхбат беруде шәкірттерінен қалып қояды. Айгүл мен Меруерт – актрисалар. Пъесса оқып өскен. Сәкен Майғазиевті тыңдағанда, рахаттанасың. Ән айтып тұрғандай сөйлейді. Ол кісіден журналға сұхбат алған жақсы, хронметраж жоқ қой. Ердос Қанаев та сондай. Филолог екені білінеді. Тамара Асар мен Жанар Айжанова сөйлегенде, журналиспін деуге ұяласың. Олар сенен көп мақал біледі өйткені.

Тыңдарман ретінде қазақ эстрадасынан таңдауыңыз кімге түседі?

Көлікте ғана тыңдауға уақыт бар. Әміреден бастаймын. Артынша Төреғали мен Мәдинаның дуэті қосылады. Нұржан Керменбаев, БН, Марсель, «91», осылай кете береді. «Блэк дейлдың» «Сөйлесі» ұнайды. Q-POP бағытындағы топтардан осы жігіттердің әні алдыңғы қатарда мен үшін. Қызыл бағдаршамға тұрып қалсам, «91» дегі Батырдың Қазақстан даусында, болмаса ертеректе шырқаған әндерін қосып үлгеруге тырысам. Сол  арқылы, конкурсқа қатысқан басқа жастарды да тани бастадым. Айдана Риза есімді бір қызды көзім шалды. Қазақстан дауысы, Икс Факторға қатысқан. Сахнаға шықпады әлі, вокалист боп жұмыс істейді. Әйтпесе, Қазақстанның Лара Фабианы болатын қыз.

Соңғы сұрақ болсын. Келер жылға қандай жоспарлар бар? Телевизия саласына тағы не істегіңіз келеді?

Істегім келетін дүние көп. «Кавер шоу» жасағым келеді. Танымал әндердің түрлі нұсқада орындалғаны қызық мен үшін. Қазіргі таңда тренд боп тұрған мейкаперлер арасында реалити шоу жасау – арманым. Әйелдерге арналған әлеуметтік жоба ойда бар. Бірақ, реалити шоу, музыкалық жоба, үлкен әлеуметтік бағдарламаға үлкен қаражат керек. Оның үстіне, біздің салада да танысы барлар талтаңдайды. Әзірге «Ел аузында», «Инсталайық», «КТК WEB», «Әнім сен едің» сияқты кішкентай жобаларды ғана жасап жүрміз. Кішкентай болса да, айтарымыз көп, рейтингіміз озық.