Бұрынғы ұлттық экономика вице-министрі Дана Жүнісова "Қазақстандық индустрияны дамыту институтын" басқарады.
ҚР үкіметі индустрияны дамыту, жергілікті қамту және технологиялық даму саласындағы үш ұлттық даму институтының функцияларын "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" АҚ базасындағы Бірыңғай өнеркәсіптік даму орталығына біріктіреді. "ҚИДИ" АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Дана Жүнісова жаңа басқарма төрағасы болып сайланды, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.
Дана Жүнісова Целиноград қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша — экономист.
2012–2015 жылдары — "Атамекен" ҰКП Тариф қалыптастыру департаменті директорының орынбасары, Экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары, Өнеркәсіптік және инвестициялық саясат департаментінің директоры, Экономикалық интеграция департаментінің басқарушы директоры қызметтерін атқарды.
2016–2018 жылдар аралығында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
2018 жылғы сәуірде ҚР ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды.
2018 жылғы қыркүйектен бастап ҚР премьер-министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.