Бұл әрине, қазақстандықтардың наразылығын туғызуда. Ел тұрғындары аталған реформаға разы еместіктерін әлеуметтік желілер арқылы білдіріп жатыр. Мәселен, Тоқтар Жақаш есімді танымал журналист Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл бастамасына өз көзқарасын мысқылмен жеткізді.
«Төрт балаға төлейтін жәрдемақыны алып тастағаны түк емес, енді әйелдердің жатырын да алып тастамасын...», - деді ол.
Сондай-ақ, Гүлмира Айтқұлова есімді Facebook қолданушысы да осынау реформаға наразы.
«Балалардың жәрдемақысына жармасқан елдің болашағы бұлыңғыр. Төрт бала түгілі екі баланы жеткізу қиын болып тұрған заманда жығылғанға жұдырық болды бұл. Мен Алтын алқам үшін бар-жоғы 15 000 теңге аламын. Ал, ойланып көріңіздер, осы ақшаға қазір не сатып алуға болады? Енді келер жылы осы жәрдемақымызды да құртпаса болғаны», - дейді ол.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзге де реформаларына ел тұрғындары наразылықтарын білдіруде. Мәселен, бұған дейін Ардақ Әшім есімді оңтүстікқазақстандық экономист министр Мадина Әбілқасымоваға үндеу жолдаған еді. Есеп маманы өзін өзі еңбекпен қамтығандарға салынғалы жатқан салыққа түбегейлі қарсы. Айтуынша, өзін өзі жұмыспен қамтығандар деген топ билік ойлағандай кәсіпкерлер емес, керісінше күнін әрең көріп жүрген қарапайым халық. Енді сол кедейлерге салық салу барып тұрған геноцидтің өзі дейді Ардақ Әшім.
Еске салу керек, осыдан бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болған Тамара Дүйсенованы дәл осы өзін өзі еңбекпен қамтығандарға салық салу реформасын жүргізе алмағаны үшін сынап, артынша қызметінен алып тастаған болатын. Жаңа министр ендігі жерде осы реформаны жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен сыңайлы.