Бұл туралы өнер иесі “Әйгерім Сейфолланың сырласуы” бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Ұлдарым табиғатқа жақын. Төртеуінің әрқайсысының жылқысы бар. Оларды атқа мінгізу міндет емес. Бірақ, ұлттық тәрбие, қазақ екенін сездіретін ұлттық код деген бар. Ол үшін баланы неғұрлым ауылға жақын қылу керек. Осы ретте қалада өскендер біз қайтеміз деуі мүмкін. Тым болмаса далаға жиі шығарып, сол дархан даланың иесі ұл екенін, бабасынан қалған мекен екенін сездіру - әр әке шешенің міндеті. Ауылда қара шаңырақта інім мен келінім тұрады. Жасыратыны жоқ, бұрынғы әке шешеміз жоқ. Өздері болмаса да, аға жеңгелерім бар. Мақтанғаным емес, сол ауылда үлкен шаруашылығым бар. Сол жерде төрт ұлыма төрт үйір жылқы жіберіп қойғам. Әрқайсысы өздерінің айғырларын, үйірінде қанша бас барын біледі. Бұны байлық ретінде емес, бұның иесі мен екен ғой, мен де әжетке жараппын ғой деген ой болсын деп жасадым. Жылқыдан бөлек, төбеттері, тазылары бар. Демалысқа шықсам, бүркіт пен қаршығаны да көрсетемін. Қатты “ауылбайский” қылып жасап жатыр деп ойлап қалмаңыздар. Елге жақын болсын деп тәрбиелеп жатырмын. Өзім тәрбиені ауылдан алғаннан кейін, ауылдағы ағайынның бәрін жақсы көремін, құрметтеймін. Қаланы жоққа шығарғаным емес. Қала да менің оқыған, білім алған, жастық шағым өткен жөр. Дегенмен де адам атамекенін ұмытпау керек”, - дейді ол.