Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік азаматтық қорғаныс қызметтерінің Алматыдағы жер сілкінісіне дайындығын тексеруде

Алматы қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, мұндай бас қосу алғаш рет өткізілгелі отыр. Кеңесте қала тұрғындарын төтенше жағдайлардан жоғары деңгейде қорғауды қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғаныс қызметтерін одан әрі жетілдіру және дамыту мәселелері талқыланады.

ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан аумағының 30 проценті (400-ден астам қала және елдімекендер) сейсмологиялық қауіпті аймақта орналасқан, онда өнеркәсіп нысандарының 40 проценті орналасып, 3 млн. адам тұрады. Бес бірдей тектоникалық жарылыс өтетін Алматыда тіпті орташа қуатты (5 балл) жер сілкінісінің өзі ауқымды күйреу мен адамдар шығынына душар ете алады.
Ю.Ильиннің айтуынша, Алматы тұрғындары мен аумағын қорғауды қамтамасыз ету жүйесі мемлекеттік саясаттың бір басым бағыттарының бірі. Мәселен, қалалық әкімшілік азаматтық қорғаныс саласын дамытудың 2010-жылға дейінгі кешенді бағдарламасын қабылдады. 2000-2004-жылдар аралығында азаматтық қорғаныс саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қалалық бюджеттен 961,4 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, 2004-жылы Алматыда дағдарысты ахуалдарды басқару орталығы құрылса, 2005-жылы қалалық қан жинау орталығын ашу көзделіп отыр.
"Қалада төтенше жағдайлардың алдын алу және ондай атты күн туғанда сауатты әрекет ету бағытында ауқымды ағартушылық және профилактикалық шаралар өткізіліп жатқанымен, кейбір басшылар оның маңызын тиісті деңгейде бағалай бермейді",- дейді ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің өкілдері.
Айталық, 2004-жылдың 9 айында Алматыда 2415 төтенше жағдай тіркеліп, соның салдарынан 1937 адам зардап шекті, 170 адам опат болды. Материалдық шығын көлемі 71,8 млн. теңгені құрады.
Бүгін қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармада азаматтық қорғаныс қызметтері мен тіршілік қамтамасыздығы нысандары жетекшілерінің 5 баллдық жер сілкінісі болған жағдайдағы әрекеттерге дайындығы туралы баяндамалары тыңдалды. Бірақ, оқыту- жаттығу жағдайында да барлық қызметтер бірдей белсенді әрі үйлесімді әрекеттер жоспарын ортаға сала алмады.