Кешелі бері жұрт Трамптың инаугурациясын талқылап жатыр. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сай, АҚШ-Мексика арасындағы шекарада мигранттарға кіруге рұқсат берілмеген. Мигранттарға шыққан шенеунік жаңа америкалық билік бұдан былай мигранттарды кіргізбеу туралы бұйрық шығарғанын мәлімдеген. Бұл жаңалық қазақстандықтарды да ойға батырды. Caravan.kz медиа порталы толық тарқатады.
Дональд Трамп АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарды елден жаппай шығару жарлығын қарастырды. Осы шараға сондағы біраз қазақ ілініп кетеді ме екен?
Талай қазақ нәпақамды табамын, Қазақстандағы несиемді жабамын, елде қалған отбасыма көмектесемін деп Америкаға мұхит асып кетті. Көбі турист визасын алып, заңсыз қалып қойған. Біразы мувер - көшуде көмектесетін жүк тасығыш, Уберде таксист, трак айдап жүргізуші болып жүр. Оңай жұмыстар емес. Журналист Нұрмұхамед Байғараев өз пікірін білдірді.
"Енді солардың көбі депортацияға ұшырап кетпесе екен деп қоямын. Себебі паспортқа депорт қойылып, елден күштеп шығарылса, басқа елдерге виза алу қиындау болады. Бірақ Трамп негізінен Мексика, Оңтүстік Америка елдерінен келген мигранттарға шүйлігіп отыр-ау", - деді ол.
Байден де мигрантты аластатудан қалыспаған екен, былтыр 270 мың адамды еліне қайтарған. Тек оны жария етпеген.
Оған қоса, Трамп Аляска мен Арктикадағы мұнай кен орындарын бұрғылауға рұқсат берді. 2016 жылы да дәл солай жасаған. Енді 5-6 айда компаниялар ол жердегі мұнайды бұрғылап, әлемдік нарыққа көп көлемде шығарса, мұнай бағасы құлайды. Ал мұнай экспорттап, жан бағып отырған елімізге зияны тиетіні анық.
Украина мен Ресей соғысын тоқтатам деп отыр. Путин бейбіт келісімге көнбесе, АҚШ санкцияны молынан жариялап, тұншықтыратын шығар. Ресеймен сауда жасап отырғандарға да шектеу қоюы мүмкін. Сонда ЕАЭС құрамындағы елдер тағы шығын көреді.
Ашық деректерге сүйенсек, 2022 жылғы қараша айындағы ақпарат бойынша, АҚШ-та тұрып жатқан қазақтардың саны шамамен 100 мыңға жуықтаған. Бұл сан тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, Түркия, Моңғолия, Қытай сияқты елдерден қоныс аударған қазақтарды да қамтиды.
2023-2024 оқу жылдарында АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны 2700-ден астқан. Жалпы жыл сайын 45 мыңға жуық қазақстандық АҚШ-қа ұшады.
"Осы уақытқа дейін АҚШ шекарасын заңсыз жолмен кесіп өткен ҚР азаматтарынан өтініштер түскен жоқ. АҚШ - тағы ҚР шет елдердегі мекемелерінің консулдық есебінде тұрған ҚР азаматтарының арасында АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өткен адамдар жоқ екенін ескере отырып, ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстаннан, атап айтқанда АҚШ-та жүрген, елден депортацияланған, хабар-ошарсыз кеткен немесе қаза тапқан заңсыз көшіп-қонушылардың саны туралы ақпарат жоқ. Бұл мәселе бойынша Америка билігінен ресми өтініштер мен ақпарат түскен жоқ", - деп агенттік ведомство жауап берген былтыр жыл соңындағы жауабында.