Трамп Канада импортына 50 пайыздық баж салығын енгізді 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарға 50 пайыздық баж салығын енгізетін жарлыққа қол қойды. Жаңа тарифтер 30 күннен кейін күшіне енеді.

ВВС-дің хабарлауынша, Ақ үй бұл шешімді америкалық өндірушілерді қорғау және Канада тарапынан АҚШ-тың автокөлік, сүт өнімдері мен алкоголь экспортына қатысты «әділетсіз сауда саясатына» жауап ретінде түсіндірді.

Жаңа баж салығы шарап, хоккей таяқшалары, цемент және басқа да көптеген тауарларға қолданылады. Ал энергия ресурстары, калий тыңайтқыштары, маңызды минералдар мен балық өнімдері бұл тізімге енгізілмеген.

Сонымен қатар АҚШ канадалық болат, алюминий және мысқа қатысты бұрын енгізілген 50 пайыздық тарифті, қылқан жапырақты ағаштарға 35 пайыздық және америкалық емес автокөлік бөлшектеріне 25 пайыздық бажды сақтап қалды.

Өз кезегінде Канада АҚШ-тың болат, алюминий және кейбір автокөлік түрлеріне 25 пайыздық қарсы тариф енгізген.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа шешім екі ел арасындағы сауда шиеленісін одан әрі күшейтуі мүмкін. Канада сауда палатасы бұл қадамды «өкінішті шешім» деп бағалап, тарифтер күшіне енгенге дейін келіссөздер арқылы ымыраға келуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Жоғарғы соты Дональд Трамптың төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заң негізінде енгізген бірқатар халықаралық тарифтерін заңсыз деп таныған болатын. Осы жолы жаңа баждар 1930 жылғы Тарифтер туралы заңның саудадағы кемсітушілікке қатысты 338-бабы негізінде енгізілді.