"ТШО біз қойған талаптарды толық мойындап, табиғат қорғау шараларының үш жылдық нақты жоспарын жасап бізге таныстырды",- деді Н.Ысқақов. Ол ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігі компанияға осындай жоспарды жасауға бір ай мерзім бергенін еске салды. "Кейінгі бірнеше жылда олар осынау шараларға, біздің пікірімізше, тым мардымсыз қаржы жұмсап келген, ал қазір олар біздің критерийлерімізге сәйкес жоспар жасап отыр",- деді министр.
Н.Ысқақовтың айтуынша, бұл жоспарда табиғат қорғау шараларға 40 млрд теңге жұмсау межеленген. "Басқаша айтқанда, қазір біз оларды жыл сайын таза экологиялық тауқыметтерге 100 млн доллардан кем емес қаржы жұмсауға мәжбүрлеп отырмыз. Соның ішінде күкіртке, газды жағып жіберуге, қалдықтарды пайдалы жаратуға қатысты проблемаларды шешу жоспарланған",- деді ол. Министрдің хабарлауынша, жоспар жуырда ТШО-ның қатысуымен қаралады. "Біз оны таяу уақыттарда БАҚ-тарда жариялауды да жоспарлап отырмыз",- деді Н.Ысқақов.
Өз кезегінде ТШО бас менеджерінің олрынбасары Рзабек Артығалиев компанияның қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған шығындары 1999-жылдан бері 1,23 млрд долларды құрағанын, ал 2007-жылы ТШО бұл мақсатқа 378 млн доллар инвестиция жұмсауға ниеттеніп отырғанын жеткізді. "Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жобаларға қатысты алдағы жылдарға арналған біздің басты мақсаттарымыз құрал-жабдықтың сенімділігін арттыру, ауаға тасталатын қалдықтар деңгейін төмендету, газды пайдалы жарату, техногендік себеппен бүліне бастаған жерлерді рекультивациялау және күкіртті пайдалы жаратуға бағытталады",- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Н.Ысқақов өткен ақпан айында ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігі ергер компания бір айда экологиялық пробламаларды шешуге бағытталған нақты шаралардың жоспарын таныстырмаса, "Теңізшевройлдан" жер қойнауын пайдалануға құқық беретін лицензияны кері қайтарып алуға сот жүзінде қол жеткізбек ниетте екенін мәлімдеген болатын.
Министрдің айтуынша, "қоршаған ортаны қорғау заңын белден басып отырған "Теңізшевройл" ЖШС , атап айтқанда, ол өткен жылы 98 тосын жағдайға жол берді, соның салдарынан нормадан тыс 290 миллионнан астам шаршы метр газ алаулап жанып кеткен". "Мұндай заң бұзушылықтар CNPC-Ақтөбемұнайгаз, Қазақойл Ақтөбе, "Karachaganak Petroleum Operating", Қаражанбасмұнай, "PetroKazakhstan Kumkol Resources", Торғай Петролеум" сиықты жер қойнауын пайдаланушыларда анықталған.
Жалпы, министрліктің ақпараты бойынша, 2006 жылы қоршаған ортаны қорғау заңын бұзғандары үшін сот шешіміне сәйкес, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 208 кәсіпорынның жұмысын тоқтатты, оның 38%-құрылыс кәсіпорындары, 10%-металлургиялық, 6% мұнай өндіруші кәсіпорындар. 2006-жылы ТШО компаниясынан ауаны ластаушы заттарды апатты жағдайда тастағаны, шектелген шамадан көп қалдық сақтағаны және ағызынды суларды төккені үшін 644,6 млн теңге өндіріп алынған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті