"Туалеттің суын ағыза алмай тұрса, нағыз экшн сонда болады": Маңғыстаулықтар әйгілі Джеки Чаннан өңірдегі су мәселесін шешуді сұрады

Жергілікті халық одан аймақтағы су мәселесін шешуге атсалысуын сұраған, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Мәселе неден басталды?

Естеріңізде болса, бұған дейін Джеки Чан алдымен Алматыға келіп, кейін ат басын Ақтауға бұрған болатын. Онда оны өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай қарсы алып, қажетті деңгейде құрмет көрсеткен еді.

Алайда жергілікті халық, актерден ең алдымен, кино түсіруден бұрын, жергілікті су мәселесін шешуге шақырған болатын. Олар желіде:

"Құрметті Джеки Чан! Маңғыстауға қош келдіңіз! Біз сізді ұлы актер ретінде құрметтеп, сыйлаймыз. Бірақ бізде жыл сайын жазда үйімізде су болмайды. Бұл жыл сайын болатын жағдай. Бұл барлық Ақтау жұртының басты проблемасы", - деп жазған олар.

Қоғам белсенділері не дейді?

Журналист Ришат Асқарбекұлы аталған мәселеге қатысты өз ойын жеткізді. Ол "Әкім шеше алмаған мәселені, актер қалай шешеді" деп мәселені төтесінен қойды.

"Облыстық Су ресурстары және ирригация басқармасы қазіргі проблема су тапшылығынан емес, тозығы жеткен инженерлік желілерден туындағанын мәлімдеді. Ресми дерек бойынша, Ақтаудағы су құбырларының шамамен 80 пайызы ескірген. Қалада 500 шақырымға жуық су желісін жаңарту қажет. Оны толық қалпына келтіруге кемінде үш жыл керек.

Ақтауда теңіз бар, су тұщытатын зауыттар бар, өндірілген су көлемі жеткілікті, бірақ тұрғынның кранында су жоқ. Өйткені, суды өндіру мәселенің жартысы ғана. Оны ысырап етпей, қажетті қысыммен әр үйге жеткізу керек. Ал Ақтаудың құбырлары бұған дайын болмай шықты.

Нұрдәулет Қилыбай әкім болып келгеннен кейін су өндіру қуатын арттыру бағытындағы бірнеше жобаны жеделдетуге тырысты. Бірақ ол фокусты дұрыс қоймаған сияқты. Себебі, бар күш пен қаржы көбіне суды өндіру, яғни тұщыту зауыттары мен магистралды желілерге салынды. Ал қалаішілік инфрақұрылым, яғни сол бар суды кранға жеткілікті қысыммен жеткізу ісі кешеуілдеп қалды. Осы кезде "ана жерде су бар, бірақ ол сенің пәтерінде жоқ" деген парадоксты жағдай орын алды. Ал халыққа су тұщытатын кезекті зауытта кесілген қызыл лента емес, үйде судың ағып тұруы маңызды екенін ескерсек, әкімдіктен жауап ала алмаған тұрғындардың Бозжыраға кино түсіруге келген Джеки Чанға шағымдана бастауы түсінікті.

Джеки Чан су құбырын жаңалауға емес, кино түсіруге келді. Бірақ оған қатысты бұл күлкілі жағдай Маңғыстау әкімдігіндегі жауапты тұлғалардың оянуына сеп болса, онда актердің де әлеуметтік ықпалы тиейін деп тұр. Бозжырада түсірілген экшн киноны көріп, Швейцариядан келген турист Ақтаудағы отельде су болмай, душқа түсе алмай, туалеттің суын ағыза алмай отырса, нағыз экшн сонда болады", - деді ол.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында маусым айынан бері халықаралық "Құдайдың сауыты: Ультиматум" фильмінің түсірілімі жүргізіліп жатыр. Оған әйгілі актер Джеки Чанның өзі қатысып жатыр.