Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса Айгүл Иманбаева Мәскеуде жүріп не көрсе, соны түсіргенін айтты, деп хабарлайды Caravan.kz порталы ЭК-ға сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын Айгүл Иманбаева Мәскеудің орталық алаңын аралап жүріп, Instagram-дағы 2,6 миллион оқырманы бар парақшасына видео жүктеген болатын. Оның жазбасын бірнеше БАҚ жариялап, "Мәскеуде карантин жоқ" деген сынды ақпарат таратты.
Сол материалдардан кейін Алматыдағы дәрігер-кардиолог, медицина ғылымдарының докторы Дәуренбек Нысанов Айгүл Иманбаеваны жауапқа тарту керектігін айтып, жазба қалдырды.
"Осы әншілер халықты алдауға құмар. Көшеде бетперде тағудың қажеті не? Оны жабық жерде ғана (бөлмеде, дүкенде, қоғамдық көліктерде ғана) тағу керек! Бізде де көшеде ешкім бетперде тақпайды ғой.
Дәлелі қайда? Неге халықты адастырады? Айтқаны рас болса, Мәскеудегі метрода және супермаркеттерде жүргендерді неге видеоға түсірмеген? Себебі, онысы өтірік! Сол үшін Айгүл Иманбаеваны жауапқа тарту керек!
Айгүл Иманбаеваның не үшін бұлай жасағаны енді түсінікті болды. "Той-томалаққа рұқсат етілсе" деген арам оймен салып отыр екен ғой. Сонда Айгүл Иманбаева халықты ойламайтын, құлқынның құлы болғаны ма? — деп жазды дәрігер.
Осындай пост жазған дәрігер Мәскеуде әлі де карантин екенін, бұл қаланың азаматтары да қазақстандықтар сияқты, далада бетпердені шешіп, жабық жерлерде бетпердемен жүреді деген бірқатар ақпаратты дәлел ретінде ұсынған.
Біз Айгүл Иманбаеваның өзіне хабарласып, дәрігердің пікіріне қалай қарайтынын сұрамақ болдық. Әнші әлі де шетелде екенін айтып, whatsapp арқылы хабарласуымызды өтінді. Бірақ сұрағымызды естіген соң, әңгіме ұзаққа барған жоқ.
Бұл видеоны мен жариялау үшін емес, өзім үшін түсірдім. Түймедейден түйеден мәселе көтеруді қойыңыздаршы,
— деген ол тұтқаны қоя салды.
Loading...
Ал бұл аралықта Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия карантинді жеңілдету туралы қаулы шығарды. Дегенмен, кеше ел бойынша 6 040 адам Covid-19 жұқтырып, 97 адам осы дерттен көз жұмған.