Тұмауға қарсы екпеден кейін асқынулар қандай жағдайда болады

«Вакцинация жасау кезінде топ немесе бригада жұмыс істейді. Сондай-ақ оның құрамына міндетті түрде терапевт кіреді. Өйткені, ол екпе жасау алдында жүгінген адамды тексеріп, сауалнама жүргізеді, дене қызуын өлшейді. Ең бастысы, адам сол уақытта ауруға шалдықпаған, дені сау болуы тиіс», - деді ол.

Оның айтуынша, жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырып жүрген адамға вакцина егетін болса, онда сырқат асқынып кетуі мүмкін.

«Сонымен қатар тұмаумен ауырып жүрген кезде дер уақытында дәрігер көмегіне жүгінбесе және өзін-өзі емдейтін болса, онда аурудың асқыну тәуекелі жоғары. Толықтай алғанда, тұмауға қарсы вакцина жасату қауіпті емес және одан аурудың асқынуы іс жүзінде болмайды», - деді Жандарбек Бекшин.

Оның сөзіне қарағанда, әлемнің көптеген елдерінде тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияға көшелерде де екпе жүргізе береді.


«Тіпті, метро өткелдерінде, ұйымдарда да сала береді. Бұл тұмауға қарсы екпенің қауіпсіз екендігін білдіреді. Ертеректе біз бірнеше мәрте қолданылатын шприцті пайдаланатынбыз. Ал қазір шприц-доза қолданылады. Сондықтан бүгінде вакцина жасатудан асқыну орын алмайды. Егер қызару немесе температураның көтерілуі орын алатын болса, бұл ағзаның дұрыс реакциясы деген сөз. Яғни, ағза иммунитеттің қажетті деңгейін қалыптастырады. Бұл адамның тұмаудың барынша ауыр түрлерінен  және олардың асқынуынан қорғалғандығын білдіреді», - деді Бас дәрігер.