Елімізде белгілі бір адамдар тобына вакцина тегін салынады. Қалғандары бұл вакцинаны уәкілетті органдардан рұқсат алған мекемелерге барып ақылы түрде ала алады. Ал мұндай вакцина бағасы қанша тұратынын Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин №9 қалалық емханада өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің ақпараты бойынша Қазақстанда қазан айынан бастап тұрғындардың 10%-іне вакцина салынды. 2018 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген "ГРИППОЛ+" вакцинасының 1,5 миллион дозасы 1 миллиард 200 миллион теңгеге сатып алынды.
Биыл өткен маусымдарға қарағанда тұмау вирустары халық арасында кеш тарады. Алғашқы жағдай қазан айында Астана қаласында тіркелді. Бұдан кейін аталған вирус түрінің ең көп қаңтар айында таралғаны белгілі болды. Дәлірек айтсақ, 2017-2018 жылдар аралығында республика бойынша ЖРВИ жұқтырған 530 мың жағдай тіркелді.
"Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тұмаудың алдын алу мақсатында әрбір адам қалауы бойынша тұмауға қарсы ақылы түрде егу алуына болады. Бұл процедура уәкілетті органның рұқсаты бар жекеменшік вакцинациялау орталықтарында, тұрғылықты мекенжайы бойынша егу кабинеттерінде жүргізіледі. Ал егу жасайтын орындардың мекенжайын аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің және денсаулық сақтау басқармаларының сайтында тұр. Әртүрлі өңірдегі ақылы егу кабинеттерінде тұмауға қарсы вакцинаның құны 1 600 теңгеден басталып, 3 500 теңгеге дейін жетпек", — деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, комитет төрағасы Қазақстанда тұмаудан өзге де вирустардың таралғанына тоқталды. Өткен маусымда барлығы 3 мыңға жуық үлгі зерттелген. Бұл оның алдындағы маусыммен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Олардың көбісі — риновирус, РС вирус, аденовирустық инфекция, парагрипп.