Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Мектепке оқушының орамал тағып баруына мен қарсымын! Әлі тұлға ретінде қалыптаспаған, ақ пен қараны, оң мен солды ажырата алмаған жас баланың ертеңгі күнін ойлайықшы. Қазақстан - зайырлы мемлекет! Осы бағыттан, ұрпағымыздың болашағы үшін айырылмайық, адаспайық. Онсыз да таза, пәк балапандарды тұмшалап, сана-сезімін уламайық. Баланың балалығы болсын. Мектепке оранбай-ақ, асыр салып жүгірсін, ойнасын. Есеюге үлгереді. Орамалды қазақтар қыз бала ұзатылып, өзге босағаны аттағанда ғана таққан. Ат құлағында ойнаған қазақ қызы, көбінесе ерке, еркекшоралау болып өскен. Ата-бабамыздың салып кеткен сара жолымен жүрсек жаман болмаймыз. Әркім өз пікірін білдіруге құқылы. Шектен шықпаңыздар! Жауапқа тартыласыздар!", - деді Айгүл Орынбек.