«Тур де Франста» допингсіз 7 рет жеңіске жету мүмкін емес - Лэнс Армстронг

«Тур де Франста» допингсіз 7 рет жеңіске жету мүмкін емес», - деді Лэнс Армстрон дүйсенбіде жазылып, эфирде бейсенбі күні кешқұрым көрсетілген сұхабатта, деп хабарлады Би-Би-Си.

Өткен жылдың қазан айында АҚШ-тың Допингке қарсы агенттігінің (USADA) баяндамасы жарияланғаннан кейін Халықаралық велосипедшілер одағы Лэнс Армстронгты спорттың бұл түрінен өмір бойына аластатып, 1998 жылдың тамызынан бастап иеленген барлық дәрежелерінен айырды.

Бұл ретте, 41 жастағы велошабандоз ол «спорт тарихындағы ең ірі допинг-бағдарламасын» құрды деген тұжырымдамамен келіспейтінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағдарлама «ақылды, бірақ тәуекелге қатысы жоқ консервативті болды».

«Иә, мен үшін жеңіске жету маңызды болды, бірақ біздің бағдарлама 1970 және 80 жылдардағы Шығыс Германияның допинг-бағдарламасынан артық болды деп кесіп айтуға болмайды», - деді Лэнс Армстронг.

Армстронг 1999, 2000, 2001, 2002, 2003, 2004 және 2005 жылдарда әлемнің әйгілі веложарысы - «Тур де Франстың» жеңімпазы болды. 2005 жылы жеңіске жеткен соң ол өзінің спорттық мансабын тоқтататынын айтты. Алайда допингке қатысты дау-дамай пайда болғаннан кейін 2008 жылы Армстронг веложарысқа қайта оралу шешімін қабылдады. Ол 2009 және 2010 жылдары «Тур де Франстың» екі жарысына қатысты.

2011 жылдың ақпан айында Лэнс Армстронг мәңгілікке спорттан кететіні жөнінде мәлім етті.