"Тура тойдың алдында көңіл түсіретін жағдай болды": Журналист Әлия Құдайберген "Өнер қырандары" актерінің отбасындағы жағдайды еске алды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Оның сөзінше қос жұп өмірде талай сынақтардан бірге өткен.

"Мына сұқбат алдымнан шықты. Еске түсіп отыр… Мадиярдың Данасы ақылды ғой!

Кейде елеусіз ғана сәттер мәңгі есіңде қалатыны бар. Мадияр мен Дананың үйлену тойы өтті. Қонақ боп бардым. Соңына дейін отырмасам да, құттықтап шықтым, жаңылмасам. Ол кезде әлеуметтік желің жоқ, суреттер де сақталмады.

Детально есімде қалмапты. Есімнен шықпайтын бір сәт бар. Ол шақта екеуінде бүгінгідей жағдай да, ат та, бәлкім бақ та болмаған. Той басталайын деп жатыр. Мен сыртта тұрғанмын. Дананың той көйлегі үстінде, Мадиярмен бірге “Той жыры” басталып, тойханаға кіріп кеткенше алаңдап, өз тойын өздері ұйымдастырып тұрды.

Тура шығайын деп тұрғанда, былайша көңіл түсіретіндей (егер ерке қыз болса екі есе) бір жағдай боп қалды. Мадияр қапелімде сасқалақтап, не істерін білмей тұрған шақта, Дана: “түк етпейді, осылай шыға береміз, кеттік!” деп, Мадиярды қолынан ұстап, жымиды. Мадиярдың көңілі орнына түсе қалды…
Ол Мадиярдың жанын сүйді, басын бағалады. Сенді!

Сол сәт көз алдымда қап қойды. Дананың Мадиярға деген тығылтаяң шақтағы қолдауы! “Екеуі бақытты болады екен!” дедім, іштей. Мадияр да есті жігіт қой. Одан бері көп жыл өтті, олар берекелі шаңыраққа айналды. Екеуінде басқаша бір сый-құрметтің лебі бар. Ол сезіліп тұрады.

Алты алашқа қадірлі басың өз шаңырағыңда қадірсіз болса, ол да – сор. Ал сенім деген ұлы күш! Өз отанында сағы сынбаған жігіт талай игі істер атқара алады.
Екеуіңді көрмегелі біраз бопты)

Жай ғана бір жылы жазба болсын, дедім", - деп жазды ол.