ТұранӘлем банкі екі зейнетақы қорының бірігетінін хабарлады

Осыған байланысты ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігіне "Құрмет" және "Қазақстан" зейнетақы қорларын қайта құруға рұқсат алуға арналған құжаттар тапсырылды.

"Қорларды біріктіру туралы шешім негізгі акционер тарапынан жасалған стратегиялық қадам болмақ. Соның нәтижесінде біз жарғылық және жеке капиталының көлеміне қарай еліміздегі ең ірі зейнетақы қорына ие боламыз",- деді Е.Тәтішев.
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, "БТА Құрмет-Қазақстан" ЖЗҚ АҚ-ның жиынтық жарғылық қоры 1 млрд. теңгеден асады, жаңа зейнетақы қорының жеке капиталы да 1 млрд. теңгеге жетеді. "БТА Құрмет-Қазақстан" зейнетақы активтері 36 млрд. теңгені құрайды, ал салымшылар саны 500 мыңнан асады.
БТА басшылығының айтуынша, зейнетақы қорларының бірігуі олардың салымшылары үшін зиянды емес. Жаңа қордың кірістілік көрсеткіші, олардың пікірінше, арта түспек.
"Біріккен қордың кірісі кем дегенде екі себепке байланысты өседі, біріншіден, зейнетақы активтерінің мөлшері артумен бірге оларды басқаруға қатысты шығындар азаяды. Сонымен бірге инвестициялық қоржынды теңгелік құралдарға артықшылық беру жағына қарай қайта құру да қордың кірісін арттыруға мүмкіндік береді",- деп пайымдайды "Құрмет" зейнетақы қорының вице-президенті Асқар Айтқожа.
Оның пікірінше, зейнетақы қорларының инвестициялық қоржындарын теңгелік құралдарға артықшылық бере реструктуризациялау мен доллар түріндегі құралдар санын кеміту ("Құрмет" және "Қазақстан" қорларында 6 процентке дейін), сондай-ақ, зейнетақы қорларын біріктіру арқылы капитал қорын арттыру Қазақстанның зейнетақы рыногындағы басты ағымға айналды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ABN AMRO Bank Kazakhstan банкі де "ABN AMRO КаспийМұнайГаз ЖЗҚ" мен Philip Morris компаниясынан сатып алған "Филип Моррис Қазақстан Корпоративтік Зейнетақы Жинақтаушы Қоры" ЖАҚ-ын бір қорға біріктіру жоспары бар екенін хабарлаған.
Е.Тәтішевтің болжамы бойынша, алдағы уақытта Қазақстанда зейнетақы қорларын біріктіру ағымы жалғасын тауып, зейнетақы қорларының саны 10-ға дейін азаяды.
БТА басшысы банктің басқа да зейнетақы қорларын сатып алу мүмкіндігін жоққа шығармайды. "Болашақта біз республиканың зейнетақы рыногының 10-15 процентін иемденуді көздеп отырмыз",- деді ол. Сондай-ақ, БТА алдағы уақытта қаржылық қызметтің бірнеше түрін, соның ішінде, банк, сақтандыру және зейнетақы қызметтерін көрсететін біртұтас жүйе құрмақшы.