«Қазақстан» орталық концерт залы лық толғанына қарағанда «Турецкий хоры» ресейлік қана емес, қазақстандық өнерсүйер қауымға да етене таныс екендігін көрсетті.
Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында арт-топ мерейтойлық репертуарымен әлем бойынша гастролін бастады. Оның аясында әртістер 100-120 концерт беруді көздеп отыр. Бұған дейін олар Сібір мен Волга жағалауында болды. «Турецкий хоры» Қазақстанда Астанадан бастаған гастролін Қарағанды, Алматы және Ақтау қалаларында жалғастырады. Кейін оларды ТМД-ның басқа елдері, Еуропа, Америка мен Таяу шығыс күтуде.
Хорды құрушы және оның жетекшісі Михаил Турецкийдің айтуынша, олар әлем бойынша жылына 200-ден астам концерт береді. Мерейтойлық концерт арнайы бағдарламадан тұрады. Оған музыканың соңғы төрт жылдағы туындылары енді - авангард, классика және модерн.
Концерт барысында ерлердің әйелдер дауысымен орындауында бірнеше әндер шырқалды. «Ерлер әйелдер дауысымен соңғы рет 300 жыл бұрын айтты, оның өзінде әншілерге арнайы хирургиялық оталар жасалатын», - дейді М.Турецкий.
10 адамнан құралған бұл хор көрермендерді әуезді әндерімен елітіп қана қоймай, келісімді билерімен де тәнті етті. Оның ішінде француздық «кан-кан» биі де бар. «Біз әлемде билейтін жалғыз хормыз», деп қалжыңдады Турецкий.
Әртүрлі жанрда, әртүрлі тілдегі туындыларды орындаған топ, қазақстандық көрермен үшін де арнап ән дайындауды ұмытпапты. Қазақтың «Ауылым» әні орындалғанда залда отырғандардың көңілдері марқайып, шапалақтарын аямады.
Топ жетекшісінің айтуынша, олар бұл әнді алғаш Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың орындауында естіген. Ал оның мағынасын терең ұғынғаннан кейін, репертуарларына қосуды ұйғарған.
«Турецкий хоры» 20 жыл ішінде өздерінің бірегей үлгілерін жасап шығарды. Олар халық әндерін, посткеңестік кезеңдегі және эстрадалық әндерді, джазды оңай араластыра отырып орындайды. Бұл жылдар ішінде ұжымда кадрлық өзгерістер болған жоқ.
«Қазақстанда біздің концерттерімізге келетін адамдар шансон не болмаса «попса» музыкасын емес, біздің классикалық, эстрадалық, опералық әндерді музыкалық бір дайджестке енгізген - бірегей форматымызға қызығып келеді. Біз бес минутта әлемдегі ең үздік бес арияны орындап шыға аламыз», - деді ол.