Тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында 21 млрд. теңгені асатын бұрмалаушылықтарға жол берілген - Есеп комитеті

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Есеп комитетінің бағалауынша, 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасы жеткілікті дәрежеде тиімді іске аспаған. Мемлекеттік бағдарламаның іске асуының тиімділігін бақылау барысында 21 млрд. теңгені асатын бұрмалаушылықтар анықталды. Атап айтқанда, ипотекалық несиелендіру жүйесіне тартылған отбасылардың және тұрғын үй құрылыс жинақ ақша салымшыларының санын арттыруға қатысты жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеді. Ипотекалық несиелендіру және тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына қол жетімділікті арттыру жөніндегі міндеттер толық көлемде шешілмеген.

Тиісті институттардың қызметтері жеткілікті түрде нәтижеге қол жеткізбеген. Мәселен, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ 2005-2007 жылдар арасында тек 40 млрд. теңге, немесе көзделген мемлекеттік бағдарламаның 27%-ы көлемінде ипотекалық облигациялар шығарған. "Тұрғын үй құрылыс жинақтаушы банкі" АҚ мақсатты бағыттағы тұрғын үй құрылыс жинақ ақша жүйесін дамытуға 2,2 млрд. теңге, немесе бюджеттен бөлінген соманың тек бестен бір бөлігін пайдаланған. 8,8 млрд. теңге көлеміндегі қалған сома банкі инфрақұрылымының кеңеюіне және дамуына пайдаланылған.

Тұрғын үй құрылысының құнын төмендету және құрылыс өнімі импортының көлемін азайтуға қатысты толыққанды шаралар қабылданбады, бұл жағдай 2007 жылы 2,5 млрд. АҚШ долларын құрады және 2004 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты.

Мемлекеттік бағдарламада көзделген Ақтөбе облысында әйнек өндіру, Маңғыстау облысында керамикалық кірпіш жасау және Батыс Қазақстан облысында цемент шығару өндірістері ұйымдастырылмады.

Халықтың қолы жететін құрылысқа нөлдік ставкадағы сыйақы бойынша бюджеттен бөлінген кредитті игеру процесінде жүйелі мониторинг жасалмаған. Мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде республикалық бюджеттен 100 млрд. теңгеден астам сомада аталған несие бөлінді, оның 14 млрд. теңгесі заңнама талаптарын бұрмалаушылықтар арқылы игерілді. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, кредит қаражатының есебінен мемлекеттік бағдарламада көзделген пәтерлердің жалпы алаңынан тек 68%-ы ғана салынған.

2005-2007 жылдары бюджет кредиттерінің есебінен іске аспаған және пайдалануға енгізілмеген тұрғын үй алаңының үлесі Оңтүстік Қазақстан облысында - 62%, Астана қаласында - 51%, Маңғыстау облысында - 49%, Шығыс Қазақстан облысында - 42%, Атырау облысында - 37 пайызды құрады. Және, соңынан, кредиттерді төлеу проблемалары туындады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 5,5 млрд. теңге көлеміндегі негізгі кредиттің бір бөлігін қайтару республикалық бюджеттен түскен субвенциялардың есебінен, Астана қаласында және Атырау облысында жалпы сомасы 2,6 млрд. теңге болатын жергілікті бюджеттің табысының есебінен жүргізілді.

Республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарына коммуналдық тұрғын үй салу үшін 18,9 млрд. теңге сомасында мақсатты трансферттер бөлінгеніне қарамастан, тексерілген Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астана қаласында 20,7 мың шаршы метр коммуналды тұрғын үйді пайдалануға енгізу қамтамасыз етілмеген.

Сонымен қатар, 2006-2007 жылдары дара тұрғын үй құрылысының аумағына және жаңа тұрғын үй құрылысы нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға 50 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бірақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының көзделген көлемі барлық облыстарда бірдей орындалған жоқ. Бұл ретте, инженерлік желі құрылысына қажетті жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу, тәжірибе өткізу және бекіту жұмыстарына бөлінген 2,1 млрд. теңге мақсатты трансферттердің есебінен дамыту үшін негізсіз жүргізілгені анықталды.

Дара тұрғын үй құрылыс секторын тиісті дәрежеде дамыту қамтамасыз етілмеген. 2006-2007 жылдар арасында республика бойынша жер телімдерін алуға берілген өтініштердің жалпы санының тек 21%-ына ғана, оның ішінде 8%-ына дайындалған алаңдардан берілген.

Есеп комитеті үкіметке ипотекалық кредиттеу және тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына қол жетімділік саясатына түзету жасауды ұсынады. Тиісті республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жауапкершіліктерін арттыру ұсынылды.