Тұрғындар байлардың ғана көшесін жөндеген шенеуніктерге наразылығын білдірді

Барымыздан жоғымыз жетіп артылады! Бүгін Панфилов ауылының тұрғындары осылай деп өкпесін айтты. Сан жылдардан бері жарытып жарық, ауыз су мен жол көрмей келген халық ашулы. Жақында ауыл көшелерін жаппай жөндеу жұмыстары басталыпты. Онда да игі жақсылар тұратын көшелер ғана түзелді дейді тұрғындар.

Заманбек Ысқақов, Панфилов ауылының тұрғыны:

Мына ортада қалып тұрған көшені тастап мына жақтағы көшеге аттап кеткені қалай?! Мына ортада қалған адам адам емес пе?! Ана жағын жасап жатыр. Әділеттілік бар ма?! Бұның себебі кілең шенеуніктер тұрады. Әкімге пара тыққан, былайша айтқанда әкімнің кеңірдегі сау емес.

Анықталғандай жасалатын жолдардың жоспары аяқ асты өзгертіліп, бұл тұрғындардың көшесі тізім соңына көшіріліпті. Оның орнына жаңадан сатылған жер телімдеріне дейін жол төселген. Ауылдағы ауыз су мәселесі де мәз емес. Жаз келісімен шүмектен ағар су сыздықтап қалады. Ал құтыларға құйып алғанды ішу үшін тағы да күту қажет.

Мәсімхан Ақшалов, Панфилов ауылының тұрғыны:

–Мына суды 1-2 сағат сору керек. Содан соң ғана ішуге болады. Ол суды ішу деген, мал да ішпейтін шығар. Мал таппағаннан кейін ішеді. Мынау сұмдық. 

Ал жауаптылардың сөзі қысқа. Жұмыс жоспар бойынша атқарылып, барлық жұртқа бірдей көңіл аударылуда. Ал шаруаның өрге баспай тұрғанына қаржы тапшылығы себеп екен.


Сәуле Мықтыбаева, Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары:

-Әрбір көшеге тексеру актілерін жүргіземіз. Тексеру актілері жүргізілгеннен кейін тапсырма беріледі, сметасы жөнделеді. Ол сметаға қаражат бөлінбейді. Сол үшін барлығы титульный листке енгізілген. Бүкіл көшелер.  

Панфилов ауылдық округі басшыларының сөзіне сенсек алдағы уақытта аймақтағы 137 көшенің барлығына осындай, яғни тақтайдай тас жол төселмек. Бірақ олардың кезегі қашан келетіні белгісіз. Себебі қарастырылған қаржыға облыстық маңызы бар жол жаңартылып, ауыл ішіндегі бірнешеуіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалған екен. Ал Құрманов немесе Талғар сияқты кішігірім көшелердің жағдайы көңіл көншітпейді. Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін жергілікті атқамінерлер облыс әкіміне қосымша қаржы бөлу жайлы өтініш жолдаған екен.