Семей шетіндегі Мұрат саяжайының біраздан бері берекесі кетіп тұр. Тұрғындар түрмедегі тәртіпке тап болдық дейді. Жылдар бойы кооперативке басшылық жасап жүрген адам жұртқа ақылға сыймайтын талаптар қойып, адымдарын аштырмай тастаған.
Сәбира Манарбекова, Семей қаласының тұрғыны:
-Біз осы жерде жылқы да, мал да ұстадық. Осылардың кесірінен бәрін сатып та жібердік. Шөп те кіргізбейді, көмір әкелсең, көктемде күзде кіргізбейді. Сұрасаң, бізге айқайлап, балағаттап, көбісі орысша білмейді, өзім де сөйлей алмаймын.
Мұраттағы 800-ге жуық үй саяжай деп есептелгенімен жұрт қысы-жазы осында тұрақтайды. Тиісті төлемдерін де уақтылы береді. Бірақ, бағасы бір орында тұрмай, үнемі өсіп отыратын көрінеді.
Совет Тотиев, Семей қаласының тұрғыны:
-Ақша қалталарына түседі. Бұл жерде коррупция! Өздері сатады, ойына келгенін істейді! Өз жерімізде бір есіктен кіріп, бір есіктен шығамыз.
Шыдамы шегіне жеткен тұрғындар талай рет кооператив төрайымына шағымданып келіпті. Алайда, сөзге құлақ аспағаны былай тұрсын, балағаттап, тіпті, қорқытып, үркітуге дейін барған.
-Мен сенің үйіңді өртеп жіберем! Мен сені бұл жерде тұрғызбаймын,- деп маған осылай істейді бұлар!
Бүгіннаразы топ тағы жиылып,кооперативке келгенімен, төрайымы жоқ болып шықты. Іштегі қызметкерлері тұрғындардың сөзін жала деп, бет бақтырмауда.
-Саяжайдағы дауға прокуратура да араласты. Қазір құзырлы орган өкілдері тексеріс жұмыстарын бастап кеткен. Ал тұрғындар болса, Астанаға дейін шағымданбақ ниетте. Тіпті, ұжымдық хат әзірлеп, қол жинауға кіріскен.»