Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған банк басқармасы төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» мен «Қазпошта» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ендігі уақытта «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары «Қазпоштаның» кез келген бөлімшесінен банктің өнімдері бойынша кеңестер алып, кредиттерін жауып, депозиттерін толықтыра алады. Бұған дейін несиені жапқаны немесе депозитін толықтырғаны үшін 1 процент мөлшерінде комиссия бекітілген еді. Бүгінгі күні бұл шара «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшылары үшін тегін», - деді ол.
Оның айтуынша, банк «Қазпоштаның» тарамдалған бөлімшелерінің арқасында Қазақстанның барлық тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін болады. Банк шамамен 950 мың салымшыға қызмет көрсетеді. Олардың депозит қоржыны 460 млрд. теңгені құрайды.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» депозит ашу үшін салымшы өз шотына 15 мың теңге салуы тиіс. Бұл комиссия емес, ақша толығымен салымшының шотына түседі. Қазіргі уақытта шамамен 200 мың салымшыға интернет-банкинг және мобильді банкинг қызметі арқылы қызмет көрсетілуде. Оның 47 мыңы мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігін алды.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басқа да серіктестерімен уағдаластығы бар. Банк клиенттері «Халық банкі», «Каспий банкі», «Еуразиялық банк», «Қазкоммерцбанк» филиалдарында депозиттерін толықтырып, несиелерін жаба алады. Бұл ретте «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» клинеттері үшін барлық комиссиялық алымдар жойылған. Өйткені барлық шығысты банк өз мойнына алады», - деді Жұбаниязова.