Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сертификат кімге беріледі
Тұрғын үй сертификаты ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған. Заң бойынша ондай сертификат тұрғын үйге мұқтаж және табыс деңгейі жеткіліксіз отбасыларға беріледі.
"Сертификат ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификатын алушылар санаттарының мөлшері мен тізбесін жергілікті атқарушы органдар айқындайды", - дейді мамандар.
Қазіргі кезде eGov.kz порталында сертификат алуға арналған тиісті онлайн-қызмет бар.
Негізгі талаптар
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде беріледі. Ал оны алатын адамдар тиісті талапқа сай болуы шарт. Оған сәйкес, өтініш берушіде және онымен тұрақты тұратын отбасы мүшелерінде (жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларының) соңғы 6 айдағы орташа табысы еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен белгіленген шектен аспауы қажет. Атап айтқанда, жарты жылдың ішінде отбасының әр мүшесінің табысы айына 3,1 күнкөріс мөлшерінен (2024 жылыда 43 407 теңге) аспаған жағдайда тұрғын үй сертификатын алуға болады. Ондай көмек ақысыз және қайтарымсыз түрде көрсетіледі.
Ал отбасының орташа табысы 3,1 күнкөріс мөлшерінен асқан жағдайда тұрғын үй сертификатын бюджеттік кредит ретінде алуға болады. Ондай кредит 15 жылға 0,01 процентпен беріледі.
Айта кетері, 23 жасқа дейінгі білім беру мекемелерінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалар да есепке алынады. Ал зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті аударымдар орташа табысқа енгізілмейді.
Сертификатты алу тәртібі
Тұрғын үй сертификатын онлайн режимде алуға болады.
eGov.kz порталына кіріп және "Жылжымайтын мүлік" - "Тұрғын үй қатынастары" бөліміне өту;
"Тұрғын үй сертификаттарын беру" қызметін таңдап, қажетті жолдарды толтыру;
ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою.
Осы қызметтің нәтижесімен kezekte.kz сайтында жеке кабинетте танысуға мүмкіндік бар.
Сондай-а, өтінішті әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасына немесе ХҚКО-ға барып жазуға болады.
Ипотекадан басқа қандай көмек бар
Жақында сенат мақұлдаған заңда баспана кезегіне тұрған азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралар бекітілді. Олар:
мұқтаждарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды беру;
жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғынжай үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау;
тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі арқылы жеңілдікті ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру;
тұрғын үй сертификаттарын беру.
Жаңа заңға сәйкес, бұған дейін сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік болады. Оны "қалдық бағамен" береді.