Түрік жігітімен өткізген күндерімді ешқашан ұмытпайтын: Қазақ гей жігіт жан сырын ақтарды

Болат (кейіпкердің есімі өтінішімен өзгертілді) өзінің өмірі туралы Экспресс К тілшісіне айтып берді.

Болаттың Измир қаласында тұрып жатқанына бір жылдай болған. Үйленген. Әзірге баласы жоқ. Жас жігіт өзінің гомосексуал екенін көпшіліктен жасырады.

Гомосексуал екенімді оқушы кезімде байқадым. Бірақ өзім түсінбедім. Ешкімге айтпадым. Бала кезімнен әкеммен ара қатынасымыз дұрыс болмады. Содан болар әкенің қамқорлығын өзге ер адамдардан іздедім. Кейде осының да кесірі бар шығар деп ойлаймын,

— дейді Болат.

Ол мектеп бітіргенше өзінің бойындағы ер адамға деген құмарлықты дұрыс түсінбеген. Алайда, студент кезінде бұл қызығушылығы күшейе түскен. Алғаш рет 19 жасында өзі секілді жігітпен "қатынасқа" түсіпті.

Студент кезімде қыздар маған үйір болды. Сырт келбетімнен гомосексуал екенімді білмейді. Қыздармен қарым-қатынас құру өте оңай еді. Бірақ тез жалығып кеттім. Кейін жігіттерге қызығушылығым оянды. "Көрейін" деген ой келді. Көргеннен соң ұнай бастады,

— дейді ол.

Оның айтуынша, гомосексуалдар әр түрлі болады. Біреулер туғаннан қыз секілді майысып жүреді. Олар өздерін ашық ұстайды, жігіттерге ғашық болады. Ал екіншілері өздерін қоғамнан жасырады. Сондықтан ерте үйленіп алады екен. Болат та осылай үйленіпті. Әйелі бұл қылығын білмейді.

Pixabay

—Жұбымды "ВКонтакте" желісіндегі топтан тауып жүрдім. Мен тұрған қалада осындай топқа 100 мыңдай адам тіркелген. Осы жерден сенімді серікті оңай табуға болады. Гомосексуалдардың үш түрі болады. Актив, пассив, уни деген. Мен алғашқы төрт жылда пассив болдым, яғни жігіттің рөлін атқардым. Кейін униға көштім. Жігіттің де қыздың да рөліне кіре беремін, — дейді ол.


Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Болат осы әрекетінен арылу үшін сексолог, психологтарға барған. Алайда олар көмектесе алмапты. Ол өзі туған қалада бес баласы бар ер адаммен ұзақ уақыт байланыста болғанын да жасырмады. Тіпті ол қаржылай көмек көрсеткен. Бірақ Болат сияқтылар қарым-қатынасына ақша сұрамайды. Бұлар тән ләззатын қанағаттандыру үшін жүреді екен.

Тұрақты серіктестік алғашқы кездесуде байқалады екен. Егер "қарым-қатынас" жеңіл, ауырсынусыз өтсе онымен әрі қарай бірнеше рет кездесуге болады. Ал ұнамағандармен ертеңіне қоштасады.

Түркияға келгеннен кейін де серігін әлеуметтік желіден тапқан.

Түрік жігіттеріне қыздар түгілі ер адамдар қызығады. Олар өздерін күтеді. Адамды еліктіруді біледі. Түрік жігітімен өткізген күндерімді ешқашан ұмытпайтын шығармын. Оның құшағында өзімді әйел сезіндім. Ішімнен сипағанда бала көтеру туралы ой келді. Өзімнің ойымнан өзім шошыдым. Өкініштісі сол, мен әйел емеспін, — дейді Болат.

Болат бұл әрекетіне ешкімді кіналағасы келмейді.

Pxhere

Тағдырым шығар. Өкінбеймін. Бірақ қай жерге барсаң да гомофобтар бар. Бұл елде де сондай адамдар көп. Білсе ұрып жіберуден тайынбайды,

— дейді ол.

Болат болашақта жігіттермен байланысын үзуді ойлап жүргенін де айтты.

Болат қазір тек анасымен сөйлесіп тұрады. Әкесімен байланысын үзген. Анасы мен әкесінің де арасына сызат түсіпті. Айтуынша, әкесі ішіп келіп, анасын сабайды екен. Болат өзінің елден кетуіне отбасындағы осындай жанжалдардың да себеп болғанын айтады. Қазір ол Түркияда әр түрлі жұмыс істеп жүр. Кейде серіктесі көмектеседі. Қазақстандағы көңілдестері де ақша аударып тұрады екен.