Түрікменстанда қаралы күндер жарияланды, Сапармұрат Ниязовты жерлеу рәсімі 24-желтоқсанда өтеді

"Түрікменстан президентін жерлеу рәсімі 24-желтоқсанда өтеді. Таңертеңгі сағат 9-да президент сарайында Түрікменстан мемлекет басшысымен қоштасу рәсімі өтеді. Ал сағат 12-де қаралы шеру Кипчак қаласына бет түзейді. Сапармұрат Ниязов осы жердегі Руханият мешітінің аясында салынған кесенеде өзінің жақындарымен бірге мәңгілікке жер қойнына тапсырылады",- делінген Түрікменстанның мемлекеттік ақпараттық агенттігі таратқан хабарламада.

Бүгін Түрікменстанның мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті, онда жерлеу рәсімін ұйымдастыру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекеттік кеңестің шешімімен Түрікменстанда жалпыұлттық қаралы күндер жарияланды, ол "мұсылмандық дәстүрге сәйкес марқұмның жетісіне дейін жалғасады".

Отырысқа қатысушылар сонымен қатар Түрікменстан халқына арнап мәлімдеме қабылдап, онда "азаматтарды берік болуға, туған Отандарындағы бейбітшілік пен игілік мүддесі үшін береке-бірлік пен ынтымаққа шақырды".

Отырыста сонымен бірге елдегі қоғамдық тұрақтылық пен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қаралды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ресми ақпаратқа сәйкес, Сапармұрат Ниязов 21-желтоқсанда жүрегі тоқтап қайтыс болған. Ол 66 жаста еді. С.Ниязов 1991-жылдан бері ел басқарды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті