Түркияға ұшып кеткендердің содан әрең жеткендердің жырын айтып жатқанда, кәсіпкерлер ұйымы мына жаңалықты жайып салды. “Гүлнар Турдың” басшысы шетел асып кеткен болуы мүмкін. Мыңнан аса туристі алдап соққан турфирманың қулығына құрық бойламайтынына көз жетті тағы. Есік-тесігі қымталған “Гүлнар Тур” компаниясының директоры Әли Исмайылов жалған құжатпен алды артына қарамай қашып кеткен көрінеді.
Гүлнар Құрбанбаева, ҚР кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары:
-“Гүлнар Турдың” директорымен хабарласу, одан ақпарат алу мүмкін емес. Ол жоқ! Егер сол директормен біреу сөйлессе алса, мен сыйақы да берер едім. Бірақ бұл тіптен мүмкін емес. Және “Гүлнар Турдың” туристерге төлейтін өтемақысы тым көп болса, онда ресми түрде компания банкрот боп жариялануы мүмкін.
Банкроттың ауылы да көкжиектен көрініп қалды. Өткен аптада ғана Алматыдан ұша алмай қалған 34 адам “Гүлнар Турдың” үстінен прокуратураға шағымданды. Турфирманың клиенттері мен серіктестеріне келтірген залалы әзірге 30 миллион теңгеден асады. Алданған адамның да, ақшаның да саны әлі еселене түсуі мүмкін. Ал туристерге қатысты бұл келеңсіздікке кәсіпкерлер түріктің “Atlas Jet” әуе компаниясы да кінәлап отыр.
Рысты Қарабаева, «Елордалық туризм қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті:
-Біріншіден, “Atlas Jet”рейстерін алдын ала сатып алынған билеттерге сәйкес жалғастыруы қажет, болмаса туристерге ақшасын қайтарсын. Екіншіден, азаматтық авиация комитеті “Atlas Jet”-ке берілген чартерлік рұқсаттың күшін жоюы қажет.
Еліміздің ең ірі туристік оператор осылай шеттеп қалғанда, орнына көз тіккендер де тез табыла қойды. Ресми туроператор болуға енді Кәсіпкерлер палатасы ниет білдіріп отыр.
-“Atlas Jet” әуе компаниясының билеттері осы жылдың қазан айына дейін сатылып кеткен. Бірақ “Гүлнар Турдың” жүрісінен жаңылды деп түріктің әуе компаниясы да қиғылық салуда. Егер іс насырға шауып, “Atlas Jet” ұшпай қойса тағы 11 мың отандасымыз ақшадан қағылып, демалыссыз сабылып қалмақ. Ал “Гүлнар Турдың” басшысы жұртқа сан соқтырып кете барды. Бүгін Бас прокуратура турфирманың қызметін толық тексеруге ресми рұқсат берді.