Бұл кісілер Қара теңіз жағасында тынығып осыдан 3 күн бұрын жатуы тиіс еді. Бірақ оның орнына турфирманың есігін торуылдаумен әлек. Өйткені чартерлік рейс белгіленген уақытта келмей, жалпы саны 200 адам Өскемен әуежайында тосылып қалған. Әзірге нақты қашан сапардың жалғасатыр да белгісіз.
Талғат Жүнісбеков, Өскемен қаласының тұрғыны:
- «Гүлнар-тур» ақшаны бізден қаңтар айында жинап алып, бүгін жібермей қойды. Бізге тек қана сөзбен айтады. Бүгін ұшақ ұшады деп. Бірақ ол тек қана сөз. Егер бүгін жол жүрмесек, онда біз бәріміз сотқа беретін болдық.
Кейін белгілі болғандай, рейстің келмеуіне «Jet Аirlines» компаниясының Түркияға қатынауға дер кезінде рұқсат ала алмауы себеп болыпты. Бірақ компания өкілдері турфирма билеттерді ерте сатты деп отыр. Сөйтіп, тағы да туристер опық жеп қалды. Тағы деуіміздің себебі, мұндай жағдай сәуір айында да болған. Ол кезде де «Гүлнар-тур»дың жолдамасын Анталияға аттануы тиіс 180 адам Алматы әуежайында екі күнге қаңтарылып қалды.
Әсем Қозыбағарова, «Travel System» туркомпаниялар тобынның атқарушы директоры:
-Отандық авиацияны реттемей, бұндай қиындықтар туындай береді. Өйткені турагенттік ісі мен әуе тасымалдау жүйесі бір-бірімен байланысты. Оның үстіне, биыл Түркияға барушылар саны тым артып отыр.
Оның үстіне, биыл қазақстандықтар әрқашанда баруға құмар Таиланд пен Таяу шығыс елдерініндегі жағдай да Қара теңізге деген сұранысты арттырып отыр. Мәселен, Біріккен Араб әмірліктерінде «түйе тұмауы» дейтін дерт дентеп тұр. Қатарлі вирустан 181 адамның өмірі қиылыпты. Әйтпесе, небәрі 4-5 жылдың ішінде осы араб еліне жылына 20 миллион саяхатшы келетін. Соның 6 пайызы біздің туристер екен.
Ал бұл қазақ туристері баруға құмар тағы бір жер - Таиландтағы жағдай. Экзотикалық елдің шырқы бұзылған. Бірнеше айдан бергі теке-тірестен соң бүгін мұнда әскери хунта билікке қайта келді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі биыл осы елдерге саяхат жасамауға кеңес беріп отыр. Әрине, қауіпті елдер тізімінде саяси шиеленісі асқынған Украина мен Сирия да бар.
Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Біз Қазақстан азаматтарына қазір Сирияға бармауға кеңес береміз. Өйткені ол елде қазір саяси жағдай қиын. Соғыс қимылдары әлі де жүріп жатыр. Таиланд бойынша да ол елде жүрген кезде барынша адам көп шоғырланған жерге бармау керек.
Десе де бұл тыйым емес. Сондықтан туристің қауіпке қарамастан ескерту жасалған елдерге бару-бармауы өз еркінде. Әрине, егер әуе тасымалынан тағы да қиындықтар туындамаса.