«Түркі әлемі» кітабы жарық көрді

Жазушы түркі тектес елдерге жеке-жеке тоқталып, олардың өткені мен бүгінін қамтыған толымды еңбек жазды. Онда қазақ жерінен шығып, бүкіл түркі дүниесінің мақтанышына айналған Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлы туралы толық мәлімет беріліп отыр.

«Түркі әлемі» кітабы 450 беттен және 19 тараудан тұрады. Сырттай қарағанда көлемді, мұқабасы да қалың. Басқаша болуы мүмкін емес, өйткені түбі бір түркі халықтарының ортақ тарихы, тыныс-тіршілігі қазіргі хал-ахуалы жайлы кеңінен жазылған. Түркі халықтарының ортақ энциклопедиясы десек те болады.

Өзген Кескин көп жылдан бері түркі әлемін зерттеп, қыруар еңбек атқарған. Бүгінгі таңда оның 24 кітабы өз оқырмандарын тапты. Жазушының бірқатар еңбегі қазақ, өзбек және әзірбайжан тілдеріне аударылды. Ол өзін Қожа Ахмет Яссауидің ұрпағы санайды, бізге атақты ойшыл жайлы да қалам тербегенін жеткізді. Ал оның жаңа туындысында түркі дүниесінің танымал ғалымдары, қоғам қайраткерлері жеке тараумен берілген.