Түркі әлемінің жастары атажұрт - Түркістанда бас қосты

Тұңғыш өтіп отырған фестивальге түркі дүниесінің 24 мемлекетінен 28 ұлт пен ұлыс жастары қатысуда. Сондай-ақ,  Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі), Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), Түркі халықтарының мәдени қоры, Халықаралық Түрік Академиясы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы,  Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы өкілдері де айтулы шара қонағы болды.

Фестивальдің ашылу салтанатында Ахмет Ясауи университетінің Түркия тарапынан тағайындалған бірінші вице-президенті, доктор, профессор Мехмет Құталмыш  кіріспе сөзбен ашты.

«Түркі әлемінің бірлігі Алаш көсемдерінің, түрік халқының көсемі Мұстафа Ататүріктің, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының асқақ арманы. Қазақстан мен Түркия үкіметтерінің Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін ашқандағы басты мақсаттарының бірі осы.  Халықаралық фестивальді ұйымдастырып отырған да Түркістан  қаласындағы халықаралық университеттің беделі жылдан-жылға биіктеп келеді», - деді профессор. 

Мұнан соң сөз алған Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі Бас хатшысының орынбасары  Абзал Сапарбекұлы, Елбасының түркі әлемі ынтымақтастығын нығайтудағы қомақты  үлесін, Түркі Кеңесінің қызметін, мақсатын айта келіп: «Түркі Кеңесі шеңберінде түркі тілдес мемлекеттердің университеттер одағы құрылған болатын. Аталмыш одаққа Қазақстанның 3 жоғары оқу орны кіреді. Олар: Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Еуразия Ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Жаңа бейнероликтен байқағаным, ХҚТУ - жаңа идеялардың тоғысқан жері.

Ынтымағы, бірлігі жарасқан түркі әлемі жастары бір шаңырақ астында Ахмет Ясауи бабамыздың мәңгілік мекені киелі Түркістанда бас қосып отыр. Жастар арасында жаңа ынтымақтастық серпін басталады деген сенімім мол. Түркі әлемі жастары достарын көбейтіп, құндылықтарға ие болып, сыйластықтарын арттыратын бұл фестивальдің маңызы өте үлкен. Ұйымдастырушыларға Түркі Кеңесінің атынан алғысымды білдіремін. Фестиваль жұмысына табыс тілеймін!», - деп ізгі тілегін білдірді.      

Сондай-ақ, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Тәңірбергенов, Әзірбайжанның Баку қаласындағы Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының  Қоғаммен құқықтық байланыс жасау саласының жетекшісі  Анар Рахимов, Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетіне Ресейдің  Саха (Якутия) елінен  келген  3-курс студенті Настья Белоцкая  сөз сөйледі.


Фестиваль Ұлт көшбасшысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Түркі әлемінің бірлігі» идеясы аясында ұйымдастырылып отыр.  Алматы қаласында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің  (Түркі кеңесі) I Саммитінде Н.Назарбаев: «Жастар арасында спорт ойындары мен театр фестивальдарын жиі ұйымдастырған жөн деп санаймын» деген болатын. Ал, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің ІІ Саммитінде (Қырғызстан), Елбасы Н.Назарбаев ең бастысы, бүгінгі таңда түркі мемлекеттері жастары арасында «Түркі әлемі» дейтін маңызды түсінікті қалыптастыру керек, деп нақты тапсырма берген еді.

Сондай-ақ, «Алматы декларациясында» (2011 ж. 21 қазан) «Түркі Университетаралық Одағының құрылуын құптады, сол секілді жобалар ғылыми мекемелер, оқу орындары және ғалымдар арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ, университет студенттері тәжірибесін байытуға жәрдемдесетінін атап өтті» делінген болатын.

Шара мақсаты Түркі дүниесі жастарының қарым-қатынастарын нығайту және түркі тілдес халықтарының ортақ тарихы мен түркі дүниесі құндылықтарын қалыптастыру. Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуына орай түбірі бір түркі халықтары жастарының басын біріктіріп, түркітілдес елдердің ұлттық аспапты орындау шеберлігін, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық киімдерін насихаттау болды.