Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлім етті.
Еске салсақ, жалпы отырыста «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын. Аталған келісімге Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 2-і саммитіне қатысуы барысында 2012 жылы 23 тамызда Бішкекте қол қойылды. «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Елбасы бастамасымен 2009 жылдың қазан айында Әзербайжанның Нахчыбан қаласында құрылған. Түркі кеңесі түркітілдес мемлекеттер арасында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты күшейту мен одан әрі нығайтуға бағытталған жалпытүркілік халықаралық ұйым болып табылады», - дейді Е. Ашықбаев.
Оның айтуынша, құрылған кезден бастап Кеңестің үш саммиті мемлекет басшыларының қатысуымен өткізілген еді. Алғаш саммит 2011 жылы Алматыда, 2012 жылғы саммит Бішкек қаласында өтсе, былтырғы жылы мемлекет басшылары Әзербайжанда бас қосты. «Төртінші саммит биыл Түркияда өткізілуі жоспарланып отыр», - дейді Е. Ашықбаев.
Тоқтала кететін жайт, Түркі Кеңесінің хатшылығы шеңберінде инвестициялық ахуалды жақсарту, экономиканы әртараптандыру, көлікті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, туризмді дамыту бағыттары бойынша бес жұмыс тобы қызмет етеді. Хатшылық аясында терминология комитеті мен Ақсақалдар кеңесі жұмыс істеп келеді.