Түркістан облысында арықтан «қан» аққаны рас па?

Экологтар дабыл қағып, мәселені тез арада шешуді талап етті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. 

«Сайрам өңірінде малдың қаны канал арқылы ағылып жатыр. Кәсіпкерлер арнайы арық қазып, оған сойылған малды төгеді. Бұл мәселені бүгін шешпесек, бізді үлкен экологиялық апат күтіп тұр», – дейді «Байтақ болашақ» қоғамдық экологиялық бірлестігінің президенті Ғани Назарбек.

Бұл жағдайға қатысты облыстық Полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.

«17 сәуірде Сайрам аудандық Полиция бөлімінің инспекторлары мен табиғатты қорғау отрядының қызметкері оқиға орнына дереу аттанды, олар тиіс тексеру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары жинаған материалдар заңды шешім қабылдану үшін «Сайрам Тазалық» ЖШС-не жолданды», – дейді Түркістан облысы ҚДП баспасөз хатшысы Гүлнәр Абдужаппарова.


Экология департаментінің мәліметінше, кінәлілерге тексеру қорытындысы бойынша айыппұл салынады.