Түркістан облысы Жетісай ауданы полициясының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған, - деп хабарлайды tengrinews.kz порталы Otyrar.kz.-ке сілтеме жасап.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз қыз осы жылдың маусым айынан бастап оның кәмелетке толмаған қызын бопсалап, әлеуметтік іжелілерде интим сипаттағы видеолар жариялаймын деп қорқытқан.
"Күдіктінің аты-жөнін анықтау мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні жәбірленушіден 120 мың теңге алып жатқан жерінен ұстады. Ұсталған қыз Мақтарал ауданының тұрғыны болып шықты. Дәлел зат ретінде одан ақша мен бейнематериалдар алынды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шықты. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.