Дәмханада фастфуд пен рулет жеген үш адам уланды. Кейін белгілі болғандай, осы мекемеден тамаққа тапсырыс берген тағы бес тұрғынға "жедел ішек инфекциясы" диагнозы қойылған.
"Нысанды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тексерген кезде бірқатар кемшілік анықталған. Өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттар болмаған, ірімшік пен шұжық өнімдерінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Сондай-ақ, қызметкерлер мерзімді және профилактикалық медициналық тексеруден өтпеген, жұмысқа рұқсат қағазы болмаған", - делінген хабарламада.
Дәмхана иесіне 230 АЕК (704 490 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені үшін хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданған.