Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sn.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның анасы да әуелде полицияға арыз түсіргенімен, кейін шағымын қайтарып алған. Өрімдей жастың өлімге баруына не түрткі болды?
Састөбе ауылының 9-сынып оқушысы сарайда асылып өлген. Әуелі полицияға шағым түсірген анасы көп ұзамай арызын қайтып алыпты. Есесіне баланың әлімжеттікке шыдамай өзіне қол жұмсағаны туралы әңгіме ауыл ішінде желдей есіп тұр.
Ақмарал Бөрлібаева, Састөбе ауылының тұрғыны:
- Ауылдың айтуынша, оқушыдан жоғары сыныптың балалары ақша жинап, ол қысым көрген деп айтып жатыр. Оқушы қайтыс болмас бұрын ол мектепте 10, 11-сынып оқушылары да мектеп алдында төбелесіп, бір-біріне тіпті дене жарақатын салып, біреуіне ота жасатқан деп жатыр. Арада, міне, мына қаралы оқиға болып отыр.
Қайтыс болған Мейірманның анасы ұлы оқыған Макаренко атындағы мектеп-интернатта есепші болып жұмыс істейді. Тілшілерге сұхбат бермейтінін кесіп айтты. Ал мектеп әкімшілігі бәрін жоққа шығарды. Журналистердің алдында көз жасына ерік берген мектеп директоры: «Мейірман достарын өлем деп қорқыту үшін асылып қалуы мүмкін» - дейді. Өйткені марқұм жолдастарымен үнемі осылай әзілдескен дейді. Тіпті қаралы оқиға орын алардан бұрын да дос қызына хабарласып, өмірмен қоштасатынын айтыпты.
Гүлжан Әмірбекова, А.Макаренко атындағы орта мектептің директоры:
- Мен үйге кіріп сарайдың кілтін алдым дейді. Бұл жаңағы қыздың несі ғой. Тез арада достарына звондайды. Осындай жасайын деп жатыр деп, барыңдаршы, тезірек көмекке барыңдаршы десе, ол балдар пранк деп ойлайды да, бармайды. Ол үнемі солай айтады, алдайды деп. Қыз қайта шырылдайды, ана бала қайта-қайта сөйтіп звондап жатыр деп, барыңдаршы деп. Көрші бір бала оң жағында, бір бала сол жағында, жүгіріп сарайға барса, аяқталған. Суицид орын алған.
Директор мектеп оқушылары арасында әлімжеттік көп, ақша жиналады дегенді жоққа шығарды. Ал полицейлер оқушының өлімінен кейін өзіне қол салуға жеткізу бабымен іс қозғады.
Салтанат Қаракөзова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Бұл жәйт ҚР ҚК 105-бабымен тіркеліп, қазір сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалы жалғасып жатыр.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының пәрменімен бүгін арнайы топ құрылып, Састөбеге аттанды. Істі генерал өз бақылауына алыпты. Ескерту алған мектеп директорының қос орынбасары жұмыстан өз еркімен кетіпті.