Бұл туралы Caravan.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде бірнеше адамдардың қолдарына таяқ алып, төбелескені жарияланған бейне таралған болатын. Нақтырақ айтсақ, 29 мамырда Жетісай АПБ-не ауылдардың бірінде орналасқан егістік алқабында тұрғындар арасында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл шыққан полицейлер адамдар арасындағы төбелес егістікке арналған суға байланысты пайда болғанын анықтады. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен тіркелді. Жоғарыдағы тұрғындар арасындағы төбелестен кейін дәрігердің көмегіне 12 адам жүгінген. Қазіргі таңда тұрғындардың алған дене жарақаттарының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жетісай ауданы ауруханасының мәліметіне сәйкес бес адам ауруханада емделуде, ал қалғандарына алғашқы көмек беріліп, үйлеріне шығарылған. Тәртіп сақшылары тексеру барысында осы төбелеске қатысқан екі адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша барлық қатысушыларды және кінәлілерді анықтауға бағытталған тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы тексеріледі.